Жезқазғанда мектеп іргесіндегі электр бағанының құлағаны рас па?

Бүгін Жезқазған қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Өркен» мектеп-интернатының іргесінде электр бағанасы құлағаны ақпарат тараған болатын. Бұл ақпаратпен бөліскен қалалық мәслихаттың депутаты Мақпал Орынбетова өзінің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында апатты жағдайды шұғыл ретке келтіруге шақырды, деп хабарлайды Saryarqanews.kz тілшісі.

«Апат айтып келмейді. Жезқазған қаласындағы дарынды балаларға арналған "Өркен" мектебінің кіре берісінде электр бағамы құлаған. Балаларға зияны тимес үшін мына апатты жағдайды шұғыл ретке келтіру керек», - деп жазды Мақпал Орынбетова.

Расымен де, мектепке жақын жерде орналасқан электр бағанасының құлауы - дабыл көтерерлік жағдай. Бүгін аброй болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. Әйтсе де, өзге бағаналардың құламасына кім кепіл? Осы мәселеге қатысты Жеқазған қаласы әкімінің баспасөз қызметіне хабарласқан болатынбыз. Баспасөз қызметі қалада апатты жағдайдың тіркелгенін жоққа шығарды. Олардың хабарлауынша, мектеп аумағында бағаналарды орнату жұмыстары жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.

- Біздің қызметкерлер дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Өркен» мектеп-интернатына барып, жағдайды тексеріп қайтты. Ол жерде ешқандай бағана құлаған жоқ. Жұмыскерлер жаңадан электр бағаналарын орнату бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Әлеуметтік желідегі видео сол жұмыстың барысында түсіріген, - деді қала әкімінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, кеше өңірге жұмыс сапарымен келген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мектепке соғып, ұстаздар қауымымен және оқушылармен кездескен болатын.