Жезқазғанда Абай ескерткіші ашылды

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Жезқазған қаласында Абай Құнанбайұлының ескерткіші ашылды. Ақын мүсіні "Наурыз" саябағына орнатылған, деп хабарлайды Saryarqanews.kz тілшісі қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ескерткіштің ашылу салтанатына зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Салтанатты шараны құттықтау сөзімен ашқан қала әкімі Қайрат Әбсаттаров ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп өтті. азған қаласының әкімі Қайрат Бектайұлы Әбсаттаров:

- Бүгін ашылғалы тұрған ескерткіш – ұл-қыздары ақылды, Абайдың «біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» деген сөзін мәңгілік ел қағидасына айналдырған 30 жылдық тарихы бар Тәуелсіз еліміздің тойы мен оның данышпан ақынының ақыл-шыңына қойылған ескерткіш, - деді қала басшысы.  

Салтанатты шараның барысында Жезқазған қаласы шығармашылық ұжымдары әзірлеген Абайдың өміріне, шығармашылығына арналған театрландырылған қойылымдар көрсетіліп, өлеңдер оқылып, әндер шырқалды. Соңында келген қала жұршылығы мен қонақтары жаңарған саябақты аралап, тамашалады.

2021 жылдың басында "Абай ескерткіші" үздік эскиздік жобасына республикалық конкурс жарияланған болатын. Ұсынылған 7 жобаның ішінен 2 жоба іріктеліп алынып, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы монументалды өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияның қарауына жіберіліп, мемлекеттік комиссия суретші Саид Айнеков, мүсінші Тохтар Ермековтың жобасын бекітті.

«Абай тағылымы» кешеніне мына нысандар кіреді: Ескерткіш - қоладан құйылған, мүсіннің биіктігі 2,70 метр; тұғыртасы - 1,80 метр; Абайдың қарасөздерінен үзінді жазылған 5 тас тақталар.

Бұған қоса «Наурыз» саябағында ауқымды аббатандыру жұмыстары жүргізілді. Саябақта бұрынғы бар нысандарды жаңартумен қатар, "Наурыз көже", "Домбыра", "Тайқазан", 4 әуенді шам түріндегі шағын сәулет формалары (ШСФ) орнатылды. Саябақтың кіреберісі абаттандырылып, Аманжолов көшесінен Байқоңыров көшесіне дейін тас төселіп, жолаушылар жолы жаңартылды. Саябақ ішінде қала тұрғындары жаңа жүгіру жолын пайдалана алатын болады. Сондай-ақ, 150 түп терек, қарағай, қарағаш көшеттері отырғызылды. Көгалдандыру жұмысы әрі қарай жалғасын табады.

Алдағы уақытта саябақты аббатандыру аясында жоба «Руханият аллеясымен» толықтырылады, яғни, Ұлытау - Жезқазған өңірінің мәдени-рухани саласының қалыптасуы мен дамуына, өркендеуіне айрықша еңбек сіңірген мәдениет, өнер саласы қайраткерлерінің есімдерін дәріптеу мақсатында ескерткіш белгілер орнатылады.