Жеңіс Қасымбек: "Биыл өңірде 662 мың шаршы метр тұрғын үй салынуда"

Қарағанды облысында тұрғын үй құрылысы соңғы 30 жылда ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Бұл туралы аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, - деп хабарлайды Saryarqanews.kz

"Биыл өңірде 662 мың шаршы метр тұрғын үй салынуда. Бұл өткен жылғы нәтижелерден 25% -ға артық. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде тұрғын үйді пайдалануға берудің ең жоғары деңгейіне қол жеткізілді.

Осы көлемнің ішінде коммерциялық тұрғын үй – 46%, мемлекеттік тұрғын үй – 29%, жеке тұрғын үй 25% -ды құрайды", - дейді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің мәлімдеуінше, жыл соңына дейін тұрғын үй кезегінде тұрған 2,6 мыңға жуық отбасын бюджеттік баспанамен қамтамасыз ету жоспарлануда. Сондай-ақ, алдағы үш жылда құрылыс көлемін 1 млн шаршы метрге дейін жеткізу міндеттелген. Бұдан бөлек, құрылысы сағызша созылып кеткен баспаналардың мәселесі де оңтайлы шешілмеген. Проблемалық құрылыстардың жалғасуын облыс әкімі бақылауына алған.

"Тапсыру мерзімі созылып кеткен үйлер бойынша. Панель центр ықшам ауданындағы 3 -ші үйде бірінші блок-секцияға адамдар көшіп келіп жатыр. Екінші блок-секция мен «Трилистник» тұрғын үй кешенінің 4 және 9 үйлері осы жылдың соңына қарай пайдалануға беріледі. «Трилистник» тұрғын үй кешенінің 8 -ші үйі тапсыруға дайындалуда", - деді Жеңіс Қасымбек.