Владимир Зигерт: "Немісше де, орысша да емес, қазақша ойлаймын"

Қарағандылық блогер Айсұлтан Жақыпов "Қазақтану" жобасының аясында Шет ауданында тұратын ұлты неміс Владимир Зигерт есімді азаматтың үйінде қонақта болып, сұхбат құрған екен. Владимирдің туған әкесі неміс, анасы орыс ұлтының өкілдері. Анасы кейін қазақ жігітке екінші рет тұрмысқа шыққан. Содан бері Владимир де қазақша тәлім-тәрбие алып, қазақ арасына сіңіп кеткен.

- Өзі бірдеңені ойласам немісше емес, орысша емес, қазақша ойланамын. Балаларымның бәрі қазақ мектебіне барады. Үйде қазақша сөйлесеміз. Қайын жұртым да қазақтар. Он алты жыл болды ғой, құдайға шүкір, тату-тәтті тұрып жатырмыз, - дейді Владимир Зигер.

Ол Германияға үш мәрте барған екен. Бірақ, үшеуінде де ол жақтаны отаны ретінде сезіне алмайтынын түсінген. Өзінің айтуынша, Германияға сіңіп кете алмайтынын сезіпті. Өйткені, жаны да қаны да қазаққа айналып кеткен. Сондықтан, Германияда қалу туралы ұсыныстан бас тартқан.