Ұлттың рухы - тілінде

Тіл мәселесі көтерілгенде ұятты болып қалатын сәттеріміз жиі ұшырасып тұрады. Әсіресе, ел алдында жүрген кей азаматтардың ана тілін ысырып тастап, ресми тілде көбірек шүйіркелесе жөнелетіні жанға бататыны жасырын емес. Осындайда, «Шіркін, бұларда Тоқтар ӘУБӘКІРОВТІҢ бойындағы намыстың ұшқыны болса ғой» дейсің еріксіз. Иә, батыр Тоқтар көп қазаққа ерлігімен ғана емес, рухымен де үлгі боларлық тұлға. Әсіресе, ұлттық құндылық пен тіл мәселесін батырдан артық батырып айтар ешкім жоқ.

Тоқтар Әубәкіровтің балалық шағы Кеңес одағының қылышынан қан тамып тұрған қысылтаяң шаққа дөп келді. Интернационализм ұраны жер жарып, қазақылыққа қарсы қарқынды күрес басталған кезең. Орыс тілі сәнге шығып, жастардың дені ана тілінде амандасудан әріге бара алмайтын деңгейге жетті. Солардың сапында Тоқтар Әубәкіров те бар. «Неге өйткен?» деп кінә таға алмаймыз, әрине. Заманы сондай болды. Білім алған жері, араласқан ортасы орыс тілді. Қазақ тілінің өрісі тарылып, ауылға қарай ығысқан. Мұндай жағдайда тәрбие алған адамның тілі де өзгеріп кетуі заңды құбылыс.

Сөйтіп, батыр өзінің авиация саласындағы карьерасын орыс тілді қазақ болып бастады. Бертінге дейін солай болған да. Мұны өзі де жоққа шығармайды. Бұл туралы Қасқырбай Қойшымановқа берген сұхбатында «Басында мен де, Талғат та (Талғат Мұсабаев – авт.) қазақша дұрыс сөйлей алмайтынбыз. Амандасып, ары қарай өзге тілде шүлдірлей кететін едік. Кейін үлкен аға-апаларым сын айтты. Осыдан соң санама нықтадым. «Мен неге өз тілімде сайрап тұрмаймын осы» дедім өзіме-өзім қамшы басып. Ең бастысы ниет қой» дейді.

Рас, егер Тоқтар Әубәкіров сол күйі қазақ тілін үйренбей кетсе де оны төбесі - не көтеріп әспеттеген елі өкпелемес еді. Халықтың құрметі мен қошеметі кең ғой. Әйтсе де, туған ұлтына бүгінгідей жақын бола ала ма?! Қаны қазақ болса да тілі бөгде жанды жатсынып, бөтенсіп тұра - тынымыз жасырын емес қой. Өйткені, ондай жандардың бойында ұлттық сана мен ұлттық намыс, рух болмайды. Ал, бұл қасиеттер Батырдың қанында бар болып шықты.

Әрине, тілді үйренемін деп ниет қылу бір бөлек те, оны орындау мүлдем басқа әңгіме. Бүгінге дейін қазақша үйренем деген талай шендінің уәдесін тыңдап, нәтижесін көрмей келдік қой. Тоқтар аға алдымен өзіне серт берген және сол сөзінде тұрған жан. Тіл үйрену үшін ар - найы ұстаз жалдап, әріп ежіктеп отыр - маған екен. Ана тілі құлағына музыканың әсерімен құйылып, алпыс екі тамырына тараған.

«Егер менде намыс болмаса, өз Ана тілімді үйренбес едiм. Құпиямды айтайын: мен тiлді қазақи ән-жыр арқылы үй - рендiм. Кейiнгi жастарға айтарым, орыс - ша да, ағылшын тiлiн де үйренсiн, бiрақ, ең бiрiншi қазақ тiлiн – өз ана тiлiңдi бiл. Қазақша үйренгiсi келмейтiн қазақтарды өздерiне-өзі қарсы адамдар деп санай - мын. «Маған қазақ тiлiнің керегі жоқ, орысша сөйлей беремiн» деген жұртты көп кездестiрдiм. Жарайды, өздерi солай-ақ iстесiн. Бiрақ, олар ата-бабаларын, түпқазығын өзгерте алмайды ғой. Бойдағы намыс – ұлттық болмыстың сақтаушысы. Ал оның астарында қаншама нәрсе жатыр», дейді Тоқтар аға Қасқырбай Қойшымановқа берген сұхбатында.

Тектілік адамға қанмен беріледі дейміз ғой. Сол сөздің дәлелі ретінде батырдың отбасын келтіріп өтуге болады. Әкесі орыс тілді болған соң одан туған ұлдардың да тілі шұбарланып кетуі заңды құбылыс. Тоқтар ағаның балалары да әу баста орыс тілді болған екен. Өзі қазақылыққа бет бұрған соң балаларынан да соны талап еткен, үйреткен. Мына құдіретті қарасаңызшы, кенже ұлы да дәл солай қазақша әнге әуес болып шығыпты.

«Өз тілімді үйрендім деп мақтанбай-ақ қояйын. Ұлдарым Ресейде өмірге келді. Олардың қазақы тәлім алуы үшін әрқилы әдістерге бардым. Әуелі, оларға қазақша ән-күйлерді тыңдатам. Әсіресе, кіші ұлымның қазақша ән тыңдағанда көзі жайнап кететін. Алғашында оларды қазақша тәрбиелеу қиынға соқты. Себебі, өзім орысша ойлайтын едім. Ата тәрбиесі – қазақылықтың қазығы. Мен мұны еш ойланбастан айтамын», – дейді батыр.

Ұлттың болмысын, бөлек ел екенін көрсететін басты фактор – тілі. Егер тіл өшсе, ұлттың үні өшеді, өзі жоғалады. Сондықтан да, ана тілімізді әспеттеуден тайынбағанымыз жөн. Әсіресе, ел алдында жүрген азаматтардың бойында Тоқтар Әубәкіровтегіндей намыс болуы тиіс. Сол кезде ғана тіл мәселесі түбегейлі шешіледі. Әйтпесе, ұлт бетіне шығар қаймағы өзге тілде шүлдірлеп тұрса, ондай ел мен ерден қандай қайыр күтуге болады? Ұлттың рухы оның тілінде жатыр емес пе?!

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ.