Түркістан облысында дәрілік өсімдікті заңсыз жинаған шетелдіктер ұсталды

Ашық дереккөз

Бұл дерек бойынша Қазақстанның екі азаматы жауапқа тартылды.

Түркістан облысында "кеурек" дәрілік өсімдігін заңсыз жинаған 130-дан аса шетелдік ұсталды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Өңірдегі полиция департаментінің мәліметінше, дәрілік өсімдік Арыс, Сарыағаш, Отырар аудандарында өседі.

Тәртіп сақшалыры Отырар ауданында заңсыз жұмыс істеген 33 тәжік азаматын, ал Арыс ауданында 101 өзбек азаматын анықтаған. Олар "кеуректі" заңсыз жинаған.

"Олар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 517-бабы 5-бөлігі бойынша жауапқа тартылды. 100-ден аса шетелдік әкімшілік қамауға алынды. Сондай-ақ полицейлер шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған Қазақстанның екі азаматын анықтап, олардың үстінен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 519-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырды", - деп жазылған хабарламада.