Су перісінің көз жасы. Маржан

Ашық дереккөз

Маржан - басқа бағалы тастар секілді тау жыныстарынан емес, жануардан алынатын жалғыз бағалы тас, себеп ( перламутр) шығаратын ұлуларда пайда болады.

Маржанды Ежелгі Грекияда қатып қалған су перісінің жасы деп есептесе, ортағасырда періштелер жетімдер мен қиналған жандардың жасын осылай жасырған деген түсінік болған.

Ал, шындығында маржан қалай пайда болады? Маржан - ұлулардың өз - өздерін қорғауы нәтижесінде пайда болған зат. Ол қабыршыққа сырттан ұлудың нәзік денесін тітіркендіретін басқа зат, әлде паразит кіріп кеткенде құралады. Ұлу бөгде затты шығарып тастай алмағандықтан, өз қабыршығын жасайтын нәрсемен оны қоршау арқылы қорғанады.

Қабыршақтың ішкі қабаты ұлудың мантиясынан бөлінетін перламутрдан тұрады. (немісше perl - маржан, mutter - ана; Perlmutter - «маржанның анасы»)

Қабыршаққа құм, паразит секілді бөгде зат кіргенде мантия шақырылмаған қонақты перламутрмен қабат - қабат қоршай береді. Нәтижесінде маржан пайда болады. Бөгде заттың өзіне жасаған ыңғайсыздығынан осылай құтылады. Оны карбонатты шарға айналдыру арқылы ұлу қажалуды азайтып, тітіркендіруді төмендетеді.

Маржан пайда болатын ұлулар тобы маржаншылар деп аталады.

Маржаншылар тұщы сулық және теңіздік болып бөлінеді. Тұщы сулық, өзендік маржан - әмбебап болып табылады. Ежелден онымен шаруа әйелдері мен текті әйелдерге арнап сәнді бұйымдар жасаған. Өзендік маржандар оңай, әрі тез алынатын болғандықтан теңіз маржанына қарағанда мың есе арзан, сонымен қатар тұщы сулық маржандар теңіз маржанынан үлкенірек, әрі бір мезгілде 20 шақты маржан өсіре алады. Тұщы сулық маржанның көлемі теңіз маржанынан кішірек, пішіні дұрыс емес, әрі азырақ жылтырайды. Бірақ теңіз маржанынан сапасы мықтырақ, көпке дейін қажалмайды.

Ең сапалы маржан теңіз ұлуларының пинктад және птерий деген түрлерінен алынады. Олар 10 - 15 м тереңдікте орналасады. Бұрын адамдар маржанды 20 м тереңдікке дейін сүңгіп алып жүрді. Ол қиын әрі өте қауіпті болатын, акулалар да кездесетін еді. Кейін адамдар маржанның қалай пайда болатынын білген соң маржанды жасанды түрде өсіре бастады. Бұл технологияны XIX ғасырдың 90 - жылдары жапондық зерттеуші Кокити Микемото ойлап тапты. Ол ең алғашқы маржан өсіретін фирма ашты. Маржанды былай өсіреді: қабыршақты сәл ашып, ішіне бөгде зат, мысалы, кішкентай табиғи перламурлі моншақ салып жібереді. Кейін ұлулардың тіршілік етуіне өте ыңғайлы етіп жасалған су қоймасына жібереді. Жақсы теңіздік маржанды өсіру үшін 3 жыл, ал өзендік маржанға 2 жыл қажет.

Бұл маржандар - өсірілген маржандар деп аталады. Құрамы жағынан олардың теңіз маржандарынан еш айырмашылығы жоқ,алайда теңіз маржандарынан әлдеқайда арзан болады.

Өсірілген маржандарды көбіне Қытай, Жапон елдері тасымалдайды.

Ақерке Аянқызы