Атырауда өз қызын бір жыл бойы азғырып келген ер адам 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өз қызын азғындық жасады деп айыпталған ер адамға қатысты үкім шықты. Сондай-ақ, айыпталушы үйінде оқ-дәрілерді заңсыз сақтаған.
"Сотталушының кінәсі куәгерлер, жәбірленуші айғағы, сараптама нәтижелері және бейне жазбалармен толық дәлелденді", - деді облыстық соттың баспасөз қызметі өкілдері.
Сот үкімі бойынша ер адам Қылмыстық кодекстің 124 және 287-баптары - "Кәмелетке толмаған балаларды азғыру" және "Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған.
Ер адам 15 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді. Сондай-ақ, оған өмір бойына ұстаздық қызмет атқаруға және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге тыйым салынған. Соттың үкімі заңды күшіне енді.