Министр «Абай» шахтасындағы қайғылы оқиғаның себептерін айтты

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Абай» шахтасындағы қайғылы оқиғаға жұмыс берушінің 100% кінәсі анықталды. Үкіметтік комиссия уақтылы осындай апаттардың себептерін жою және оларды болдырмау бойынша 37 іс-шара әзірледі, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

ТЖ министрі Юрий Ильин Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында тікелей эфирде үкіметтік комиссияның қорытындысын жариялады.

– ҚР премьер-министрінің өкімі бойынша құрылған комиссия толық құрамда жұмыс істеді. Қазақстаннан, жақын және алыс шетелдерден, атап айтқанда Мәскеуден, Кемеровтен, Санкт-Петербургтен, Германиядан сарапшылар тартылды, – деп атап өтті ведомство басшысы. – Техникалық құжаттаманы, бес сараптамалық кіші комиссияның және тәуелсіз сарапшылардың қорытындысын зерделеп, комиссия жазатайым оқиғаның себебі метан газының бөлінуімен және тау-кен массасының шығарылуымен газдинамикалық құбылыс салдарынан апат болды деген қорытындыға келді. Жұмыскерлер кінәсінің деңгейі – нөл пайыз. Жұмыс беруші кінәсінің деңгейі 100 пайыз деп танылды.

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы қауіпсіз еңбек жағдайларын және тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде жұмыс орындарында кез келген тәуекелдің алдын алуды қамтамасыз етпегендіктен жауапты болады. Бұдан басқа, қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің және олардың салдарларының алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шаралар толық көлемде жүргізілген жоқ.

Комиссияның қорытындылары бойынша шахта алаңдарында геологиялық бұзылыстарға барлау толық көлемде жүргізілген жоқ. Сонымен қатар, жұмыс беруші жабдықтар мен технологиялық құрылғыларды уақытылы жаңартпаған.

– Комиссияның қорытынды актілері тергеу органдарына берілетін болады. Қылмыстық іс аясында тергеу апатқа кінәлі нақты лауазымды тұлғалардың шеңберін анықтайды, – деп түсіндірді Юрий Ильин.

Ол шахтадағы жұмыстар газсыздандыру шаралары орындалғанға дейін тоқтатылғанын айтты. Министрдің айтуынша, аталған қойнауқаттағы жұмыстарды тоқтату мүмкіндігі бар, ал қазба басқа учаскелерде жүргізіледі.

7 қараша күні сағат 08:24-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Абай» шахтасында кен орнында көмір мен газдың кенеттен шығарылуы болғанын еске саламыз. Нәтижесінде алты адам қаза тауып, үшеуі жарақат алды. Апат кезінде шахтада 64 адам жұмыс істеді, оның ішінде 8 адам кенжарда болды.