Мемлекет басшысы Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты

Ашық дереккөз

Қасым-Жомарт Тоқаев салатанатты жиында Қазақстан полициясын 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, бұл дата тәуелсіздік тарихындағы айтулы белес екенін атап өтті. Президенттің пікірінше, құқық қорғау жүйесі – мемлекеттігіміздің берік негізі, елдегі тұрақтылықтың басты кепілі.

– Заңның орындалуын қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау – жауапкершілігі мол жұмыс. Өткен жылдарда ішкі істер саласына ауқымды әрі жүйелі реформа жасалды. Соның нәтижесінде, полициямыз өз міндетін жоғары деңгейде атқаруда. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде құқық қорғау жүйесі түрлі сын-қатермен бетпе-бет келді.  Өтпелі кезеңдегі ахуал қандай күрделі болғанын жақсы білесіздер. Полиция қылмыспен табанды түрде күресті. Сол арқылы бизнестің қалыптасуына жағдай жасалды, – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы елді прогрессивті демократияландыру үдерісі, азаматтардың табиғи түрде артып келе жатқан саяси белсенділігі тек заң шеңберінде жүруі керек екенін айтты.

– Бүгінгі таңда қоғамда өткенімізге түрлі, кейде біржақты баға беріліп, ұшқары пкірлер айтылып жүр. Дегенмен, Тәуелсіздік кезеңіндегі айтулы жетістіктерді жоққа шығаруға болмайды. Тарихын, көшбасшыларын жоққа шығарған халықтың болашағы жоқ екенін есте ұстаған жөн. Сондықтан азаматтарды объективті әрі дұрыс көзқараста болуға шақырамын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әділдік пен мемлекеттің тиімділігіне деген сенімі көп жағдайда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен адами қасиеттеріне байланысты екенін айтты. Қазақстан Президентінің пікірінше, түрлі жағдайда адамдармен тікелей араласатын полицейлердің әрқайсысы мемлекет туралы түсінік қалыптастырады. Бұл қоғам алдында полиция қызметкерін биліктің уәкілетті өкілі деп білетін, әсіресе учаскелік полиция қызметкерін әр азаматы танитын ауылдық жерде маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев полицияның билік пен қоғам арасындағы дәнекер болуы өте маңызды міндет екеніне тоқталып, азаматтармен қарым-қатынастың жаңа мәдениетін қалыптастыру қажеттігін алға тартты.

– Полиция өз жұмысын барынша ашық жүргізіп, халыққа жақын болуға тиіс. Бюрократиядан арылатын уақыт әлдеқашан жетті. Бұл саяси кесел халықпен тікелей жұмыс істеуге кедергі келтіреді. Тұрғындардың орынды сын-ескертулерін дұрыс қабылдаған жөн, – деп тапсырды Президент.

Мемлекет басшысы өз сөзінде қоғамға қарсы іс-әрекет туғызатын жағдайларды түбірімен жою қажет екеніне тоқталып, жағымсыз әлеуметтік факторлардың ықпалын азайту керек деді.

– Әсіресе, заңды белден басуға бейім адамдардың тәртіп бұзуына жол беруге болмайды. Мұның бәрі Ішкі істер министрлігі ғана атқаратын жұмыс емес. Бұл – өзге мемлекеттік органдарға да ортақ міндет. Бізде құқық бұзушылықтың алдын-алу жөніндегі комиссиялар бар. Республикалық және өңірлік деңгейдегі осындай комиссиялардың мүмкіндігін толық пайдаланған жөн. Әкімдер де аймақтың тұрақтылығы мен тыныштығына жауапты. Үкімет олардың осы бағыттағы жұмысына қойылатын талапты қайта қарауы қажет. Аймақтың қауіпсіздігі – өте маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.