Майқұдықтағы жөндеу жұмыстары қашан аяқталады?

Қарағанды қаласының Майқұдық тұрғын аймағындағы К.Маркс - Магнитогорская көшелеріндегі жолды жөндеу жұмыстары қазан айында аяқталуы тиіс. Бұл туралы облыс әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. 

"Жұмыстар уәде етілгендей, жұмыс кестесіне сәйкес жүріп жатыр. Қазан айында жарықтандыру, бағдаршамдар, жол белгілері, жаяу жүргіншілер тротуарларын қоса алғанда, толық жайластырылған жолмен жүру қамтамасыз етілетін болады", - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, облыс әкімі жөндеу жұмыстарының неліктен ұзаққа созылып кеткеніне де тоқталып өтті.

"Біріншіден, бұл жолды орташа немесе күрделі жөндеу емес, жол табанын толық ауыстыру арқылы қайта құру. Учаскенің сулануына байланысты топырақты екі метр тереңдікке дейін ашуға тура келді.

Екіншіден, жолды едәуір кеңейтіп, бөлу жолағы қарастырылған, жаяу жүргіншілер тротуарлары, аялдама қалталары мен отыруға арналған алаңдары жайластырылады.

Үшіншіден, нөсерлік кәріз жүйесі толығымен қалпына келтірілді, Барлық инженерлік коммуникацияларды қорғау және көшіру жұмыстары жүргізілді", - деді облыс басшысы.

Жолды қайта қалпына келтіру барысында Сантехническая көшесінен Бирюзов көшесіне дейін және Қазақтелекомнан мешітке дейін жарықтандыру тіректері орнатылып, іске қосылған екен. Сондай-ақ, қазіргі таңда бағдаршамдарды монтаждау жүргізілуде. Қауіпсіздікті арттыру үшін олардың саны 11-ден 21-ге дейін өскен. Әсіресе, Балақажы мешіті мен Архитектурная көшелерінің қиылысына ерекше мән берілген.  

Бір айта кетерлігі, Тәуелсіздік алғалы облыста бұрын соңды мұндай ауқымды жол құрылысы салынбаған екен. Аймақ басшысының хабарлауынша, бүгінде жоспарланған жұмыс 85%-ға орындалған. Құрылыс екі ауысымда, тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша жол қазан айында толық дайын болып, пайдалануға берілуі тиіс.