Қарағандылық кәсіпкер көпбалалы анаға баспана сыйлады

Бүгін Қарағанды қаласында "Талбесік" көп балалы аналар одағы" ұйымының қолдауымен бір отбасы баспаналы болды. Бұл - жыл басынан бері осы ұйымның ұйтқы болуымен алынған алтыншы баспана. Пәтер жергілікті кәсіпкердің қаржылай демеушілік көрсетуінің арқасында алынған, - деп хабарлайды Saryarqanews.kz

"Шаңырақ" көп балалы отбасыларды қолдау орталығының төрағасы Ләззат Қожахметованың айтуынша, баспана кілтін алған Еркегүл ханым соңғы 3 жылда "Талбесік" ұйымының қамқорлығын сезініп келген екен. Ол алғашында жас баласымен бірге жертөлені паналапты. Кейін қарағандылық мәрт кәсіпкер оның жалдамалы пәтерге көшуіне жағдай жасап, ай сайын пәтерақысын төлеп беріп келіпті. Ал, биыл жеке пәтер сатып беріпті. Бірақ, мәрт азамат жасаған жақсылығын жаһанға жар салып, өзін жарнамалағысы келмейді екен.

"Мұқтаждарға қол созған азаматты ел алдында дәріптесе болар еді. Алайда ол жақсылығын айтып өзіне жарнама жасамайды, үй алғандар кімдер, қазір қалай деп тықақтамайды. Қайырымдылықты риясыз жасайды. Өзінен рұқсат болмаған соң арда азаматтың есімін атап, жаһанға жар сала алмай, пұшайманмын.

Ал мен ізгі амалдың дәнекері болғаныма, осы сауапты істің басы-қасында жүргеніме бақыттымын", - дейді Ләззат Қожахметова.

Айта кету керек, былтыр "Талбесік" ұйымының қолдау көрсетуінің арқасында 7 отбасы баспаналы болған еді. Биыл да демеушілер тарапынан 7 отбасыға баспана әперу туралы уәде берілген екен. Әзірге жоспардағы пәтердің алтауы өз иесін тапты.