Бүгін облыс әкімінің аппарат жиынында аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек карантин талаптарын өрескел бұзған облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Хәлел Мақсұтовты қызметінен босатты, деп хабарлайды Saryarqanews.kz
- Бүгінгі күннен бастап жер қатынастары басқармасының басшысы Мақсұтов Қалел Мұқатайұлы карантинді өрескел бұзуы, яғни пандемия кезінде той шараларын ұйымдастыруына байланысты қызметінен босатылды, - деді облыс әкімі. - Тағы да ескертемін: мұндай заңсыздықтар үшін жаза өте қатал болады. Мұнда мемлекеттік қызметшінің қызметтік этикасының барлық нормалары бұзылған. Облыста коронавирустық инфекцияға қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан үлкен жұмысты құнсыздандырмаңыздар. Тұрғындардың көңілін қалдырмаңыздар. Мәртебелеріңіз немесе жұмыс орнына қарамастан әрекеттеріңізге жауап бересіздер!
Жеңіс Қасымбек сондай-ақ мониторингтік топ мүшелерін принциптілікке шақырды.
- Сіздер біреудің мүддесі үшін жұмыс істеу үшін емес, азаматтардың денсаулығын қорғау үшін құрылғансыздар! Осындай іс-шараларды тоқтатып, жария етіңіздер. Сіздер өздеріңіз бақылау камераларына қарай отырып жұмыс істейтіндеріңізді айтқан болатынсыздар. Сондықтан мұқият қараңыздар. Салынған тыйым барлығына бірдей, - деп атап өтті облыс әкімі.
Күні кеше әлеуметтік желіде Қарағанды қаласындағы беделді мейрамханалардың бірінде ұлан-асыр той болып жатқаны туралы ақпарат тараған болатын. Көп ұзамай той иесінің лауазымды қызметте отырған тұлға екені белгілі болды.Тойды мониторингтік топ өкілдері тоқтатып, мекеме иелеріне қатысты әкімшілік шара қолданды. Ал, карантиндік шектеу талаптарын елемеген шенеуніктің өзі қызметінен қуылды.