Қарағандыда «Roboland» инновациялық технологиялар фестивальі басталды

Қарағандыда «роболэнд» робото-техника, бағдарламалау және инновациялық технологиялар фестивалі басталды, деп хабарлайды SaryarqaNews сайты 24.kz - ке сілтеме жасап.

Осымен 6-шы мәрте өтіп отырған шара өткен жылдары халықаралық дәрежеде өтсе, биыл пандемия салдарынан тек республикалық деңгейді қамтыған. Осыған қарамастан оқушылар «ІТ» саланы ұлттық дәстүрмен байланыстырыпты.  Робототехника мен ІТ саласында енді қазақтың «теңге алу» ойыны таңсық емес.

Шарт бойынша оқушылар жасаған құрылғы жолындағы кубиктерді түгел жинап өтуі тиіс. Мұнда уақытта шеберлік те есепке алынады. Бұл кезеңде 6 мен 7-ші сыныпта оқитын Рамазан мен Рүстемнің мерейі басым тұр.

– Теңге алуда аттар, сондай бір дәстүр бар, ат тоқтамайды ғой, лақтыра береді. Тура солай біз де ойлап таптық. 3-4 күн кетті оған. Машиналарды құрастырып, сайыс болады ғой кім бірінші дегендей, аттардың шабысы сияқты, сондай дәстүр барғой, тура солай тез жүретін жоспар болған еді. Ол енді келер жылға қалады, - Рамазан Полатов.

«Roboland» – Қарағанды облысының төл бастамасы. Биыл 6-шы мәрте ұйымдастырылып отыр. Мұндағы үздік деп танылған жобалар ең үздік мамандардың жетекшілігімен тағы да толықтырылып, халықаралық байқауларға шығарылатын болады. Биылғы байқауды індет салдарынан бірқатар өзгертуге тура келген.

– Биыл пандемияға байланысты алыс және шетел командалары осы фестивальге келген жоқ, алайда республиканың 11 өңірінен келді. 141 команда бар, - дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлдана Нұрсұлтан.

– Жалпы роболэндте 8 бағыт бар, оған  12 командадан 12 қатысушы қатыса алады. Оқушылардың робототехникаға деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келе жатыр, - дейді төреші Шоқан Мақамбаев.  

Өткен «Roboland»-ке Ресей, Сербия, Өзбекстан, Италия, Польша және Қазақстаннан мыңдаған қатысушы келген болатын. Жоба жыл сайын өзгеріп, жаңа бағыттарды қамтиды. Фестивальде өзгеріссіз қалатын тек электронды қорытындылау жүйесі мен тәуелсіз әділқазылар алқасы.