№ 2 Оқушылар сарайында Кәсіби орталық құрылды. Қарағандылық жоғары сынып оқушылары педагогтардан, психологтардан, сондай-ақ колледждер мен ЖОО өкілдерінен кеңес ала алады.
Кәсіби орталық Оқушылар сарайының барлық астыңғы қабатын алып жатыр.
Балалар мұнда оқытушылармен, психологтармен және әртүрлі мамандықтардың табысты өкілдерімен еркін сөйлесе алады деп болжанады. Орталық олардың біліктері мен тілектеріне қарай болашақ мамандығын анықтауға мүмкіндік береді.
– Біздің орталықтың міндеті – оқушыларды еңбек нарығындағы ең қажетті және жаңа мамандықтар туралы ақпараттандыру. Біздің алаңның негізінде ЖОО мен колледждер өз мамандықтары мен оқуға түсу шарттары туралы айтып беру үшін оқушылармен кездесулер өткізе алады. Сондай-ақ, балаларды ынталандыра алатын табысты адамдармен кездесулер ұйымдастырылады, – деді № 2 Оқушылар сарайының директоры Салтанат Мұқышева.
Сондай-ақ, Кәсіби орталықта болашақ мамандық бойынша өзін-өзі анықтау үшін тест тапсыруға болады. Аталмыш тестті тапсырып, оқушылар болашақ мамандығын анықтап қана қоймай, ол үшін қандай пәндерде білімін жетілдіру керектігін біле алады. Сонымен қатар, орталық базасында қиын өмірлік жағдайларға тап болған немесе мүмкіндігі шектеулі балаларға кәсіби көмек көрсетіледі.
– Әрбір оқу орнына 10-нан 15 күнге дейінгі уақыт беріледі, осы уақыт аралығында ол көрмелер жабдықтайды, оқытушылардың, белсенді студенттердің тұрақты жұмысын ұйымдастырады, қаланың жоғары сынып оқушыларымен тренингтер, іс-шаралар, конкурстар өткізеді. Біз бұл жұмысқа барлық Қарағанды мен облыстың колледждері мен жоғары оқу орындарының оқушыларын тартуға ниеттіміз, – деп қосты Салтанат Мұқышева. – Кәсіптік бағдарлау жұмысы жүйелі түрде жүргізілетін болады.