Қарағандыда хайуанаттар бағының қызметкерлері жазаланды

Қарағанды қаласындағы хайуанаттар бағында түсірілген видео әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызған болатын. Онда мүйіздері кесіліп, қансырап жатқан жануарлар түсірілген болатын. Осы үшін бақтың директоры сөгіс алып, бас ветеринарлық дәрігер жұмыстан қуылды.

"Қарағанды қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бұйрығымен зообақ директорына сөгіс жарияланды. Өзінің лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін ветеринарлық дәрігер де жұмыстан босатылды", - деді Қарағанды әкімдігінің баспасөз қызметінің өкілдері.

Даулы видеодан кейін, хайуанаттар бағының қызметкерлері түсініктеме берген болатын. Олардың айтуынша,  бұғының мүйізін кесу процедурасы жыл сайын күзде, жануарлардың қауіпсіздігі үшін жасалады екен.