Қарағандыда ақын Ілияс Мұқаевтың «Жанымның жамыраттым арай-нұрын» атты шығармашылық кеші өтті

Из открытых источников

Қарағандыда ақын, журналист, жазушылар одағының мүшесі Ілияс Мұқайдың "Жанымның жамыраттым арай-нұрын" атты шығармашылық кеші өтті. Әдеби шараға белгілі ақындар мен өнер майталмандары қатысып, арқа төрін өлең-жырға сусындатты.

1

Ілияс ақынның шашбауын көтеріп келген танымал тұлғалардың қатары көп болды. Атап айтқанда, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, ақын Абзал Бөкен, сан айтыстың аламанында топ жарған айтыскер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Жазушылар одағының Астана қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы, әнші-сазгер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев сияқты бір туар азаматтар ақынның абыройын асқақтатып кетті.

2

Шығармашылық кеште ақынның өлеңдері театрландырылған қойылымға ұласып, ақын туындыларына жазылған әсем әндер әуеледі.  Құлақтың құрышын қандырған әсем әндерден соң құттықтау сөз облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикеновке, Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Нелдібаевқа, «Аманат» партиясы Қарағанды облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбеков және Ілияс ақынның алғашқы ақындық ғұмыр көктемінің тұсауы кесілген Балқаш жұртшылығының сәлемін арқалай келген қала әкімінің орынбасары Саягүл Жақсылықоваға, өзінің туған мекені Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Абылай Аманжоловқа берілді. Құттықтау барысында Ерлан Нелдібаев Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың және Арқаның арда азаматы Бекзат Алтынбеков  ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанның құттықтау хаттарын табыстады.

«Бойыңыздағы рухани шырақ пен қаламгерлік қуат арқылы алдағы уақытта да бағындыратын асуларыңызға талмай жеткеніңізге кәміл сенемін.

Әрдайым халықтың алғысына бөленіп, оқырман мен шәкірттеріңіздің алдында мерей-мәртебеңіз арта берсін.

Рухани еңбекпен ұштасқан әр сәтіңіз қуаныш сыйлап, жемісті нәтижелерге қол жеткізетін әр жылыңыз жақсылыққа толсын.» - делінген Дәурен Абаевтың құттықтауында.

Сондай-ақ кеш қонағы Дәулеткерей Кәпұлы Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің ақжарма тілегін оқып берді.

«Сіздің есіміңіз барша әдебиет сүйер қауымға Қарағандыдан шыққан талантты ақын, қаламы қуатты журналист ретінде танымал. Шығармашалық бағыттағы еңбектеріңіз еленіп әр жылдары Т. Айбергенов, Т. Молдағалиев, Н.Мәукенұлы атындағы сыйластықтардың лауреаты атандыңыз. Сүйікті оқырмандарыңыздың қолынан жаңа жырларыңыз бен тың туындыларыңыз түспесін!» - деп ізгі тілегін Ұлықбек Есдәулет білдірген.

«Жалпы Ілияс өз қатарында атын ерте танытқан ақын. Ақын деген 100 қойдан 150 қозы алатын аса белсенді шопан емес, еңбегі жылдар бойы жиналады. Ұйқысыз түндер,елдің басындағы елегізу сәттердің барлығы ақынның жүрегін мазалайды, уайымға бөктіреді.Өз жасына бұл азамат үлкен еңбек жасап жатыр. Өз басым Ілиястың поэзиясын бағалаймын », дейді Дәулеткерей Кәпұлы.

Өлең кешінде орын алған тағы бір елеулі оқиға қабырғалы қаламгер Мағауия СЕМБАЕВ атындағы журналистерді қолдау қорының қолдауымен Ілияс Мұқайды “Сыныптасы жоқ бала” атты жаңа жыр жинағының тұсауы кесілді.

Өмірін өлеңмен өріп, поэзия әлемінде жыр бесігін тербеткен ақын бұл кешін оқырманға есеп беру деп бағалады. Бірнеше өлең жинақтарының авторы өз шығармаларында ауыл өмірін, адамның бойындағы жақсы қасиеттерді, сұлу сезімді суреттейді.

«Ілияс Мұқай кейінгі толқынды ақындық өнердің, өлең өнерінде шығып жатқан өзіндік ойыменен, сезіміменен сондай ерекше жеткізуіменен жұртқа танылып келе жатыр. Ақынның үлкен шығармашылық кеші өтіп жатыр. Оның алдындада арнайы мемлекеттік тапсырыспен кітаптары жарық көрген. Сонымен қатар мүшайралардан жүлделі орындарды иеленген талантты жігіт. Алдағы уақытта да мұнымен тоқтаймайды деп сенеміз »,- дейді ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Абзал Бөкен.

Екі сағатқа жетпей өте шыққан шығармашылық кеші ақынның өзі айтқан үдеден шықты. Әдемі кештің көрінісі көптің көңілінде қалды. Лирикалық жырлардың кәусәр бұлағына сусындаған қарағандылықтар әдеби шарадан рухани қуат алып қайтты.