Азамат Жолманов ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары болды

Мемлекет басшысының өкімімен Азамат Сағатұлы Жолманов Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.

Азамат Сағатұлы Жолмановтың білімі жоғары. "Халықаралық қатынастар" мамандығы бойынша Еуразия Ұлттық Университетін, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистратурасын бітірген.

Мемлекеттік басқару саласында 10 жылдам астам еңбек өтілі бар.

Еңбек жолын Ауыл шаруашылығы министрлігі Сыртқы байланыстар және инвестициялар департаментінің сарапшысы лауазымынан бастаған.

Әр жылдары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ғылыми-зерттеу Институтында ғылыми қызметкер, Сектор меңгерушісі, директордың орынбасары, Мемлекеттік қызметкерлерді кәсіби дамыту институты директорының орынбасары, Қарағанды облыстық филиалының директоры лауазымдарын атқарды. 

Жаңа қызметіне дейін Стратегиялық әзірлеу және халықаралық бағдарламалар департаменті директорының міндетін атқарушы болды. 

Еске салайық, Президент өкімімен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы болып Дархан Жазықбаев тағайындалған болатын. Бұған дейін Д.Жазықбаевтың жаңа екі орынбасары белгілі болды: Айнұра Серғазиева және Берік Беркімбаев.