Ақ жол саған, жас түлек!

Ашық дереккөз

Бүгін еліміздің барлық мектептерінде соңғы қоңырау соғылды. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, ағымдағы жылы  170 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасады.

Оқушыларда екіұдай сезім болады: бірі жазғы демалысқа шығамыз деп қуанса, енді бірі үлкен сынақ алдында қобалжиды. Биыл мектеп бітіріп, үлкен өмірге қанат қаққалы отырған Әмина  Өмірзақова да сондай сезімде жүрген түлек. Ол Жаңаарқа ауданының О.Әлібаев мектебін тәмәмдауда.

«Бұл күн ерекше толғанысқа толы күн. Себебі балалық шақты артта қалдырып болашаққа деген үлкен қадамды нық басқалы тұрмыз. Ішкі сезімдерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Уақыт жақындаған сайын жүрек лүпілі жиілеп, қимастық пен қуаныш бойымды баурап барады.  11 жыл бойы қуанышты да, қайғыны да, достықты да, жылулықты да, тәртіпті де бір ұядан үйреніп көріп шыққаннан кейін, бір сәтте барлығынан қиып ұшып кету біз айтып жүргендей оңай емес екен. Менің қазіргі таңда алға қойған үлкен мақсатым  келе жатқан сынақтан сүрінбей өтіп, ата-анамның үмітін ақтап, өзім қалаған жоғарғы оқу орнына түсіп, грант иегері атану. Ол үшін қазір барынша уақытымды бар ойымды оқуға,дайындыққа салып жатырмын.Әрбір түлектің жанына тыным бермей жүрген бұл тесттен жоғарғы бал жинап, отбасыларын қуанту бақытын тілеймін.» - дейді Әмина Өмірзақова.

Сонымен қатар Әминаның биылғы жылғы ұлттық біріңғай тестілеудің форматындағы өзгерістер қолайлы екендігін атап өтті.

«ҰБТ форматы бұрынғыға қарағанда көп өзгерген жыл сайын түрлі өзгерістер енгізіледі .Биылғы жылы бізге 2 рет тест тапсыру мүмкіндігі берілді. Бұл жаңалық биылғы түлектерді сөзсіз қуантты. Тесттілеудің ерекшелігі өзімізге ыңғайлы орынды, күнді өзіміз таңдап ала аламыз және тест нәтижесі бірден өз ұялы телефонымызда шығатын болады. Менің ойымша бұл формат оқушылар үшін өте ыңғайлы»- дейді түлек.

Ағымдағы  жылы білім саласында айтарлықтай өзгерістер болғаны мәлім. Бұл өзгерістер оқушылардың да, ұстаздардың да көңілінен шығып жатыр.

«Биылығы оқу жылында болған басты жаңалықтардың бірі 6 тамызда болған барша Қазақстан Республикасы мұғалімдерінің алқалы жиынына яғни «Тамыз кеңесіне» алғаш рет мемлекет басшысының қатысуы болды. Осы жиында көптеген келелі мәселелер  төңірегіндегі сұрақтарға жауап алынды. Ең бастысы біз өзіміздің дәстүрлі әліппемізге қол жеткіздік. Бұл басты жаңалық десек болады. Айта кетпеске болмайды барлық мұғалімдердің айлығы алдағы төрт жыл уақытында екі есеге көтеріледі деген тұжырым айтылды. Бұның барлығы  мұғалімдер үшін үлкен мотивация деп ойлаймын. Себебі кез-келген тұлғаның өмірде кірпіш болып қалануы үшін ұстаздың еңбегі ерең. Сондықтан бұл қуантарлық жағдай. Мектеп бітіруші түлектеріміздің алдында үлкен сынақ тұр. ҰБТ онлайн форматта өтеді. Мектебімізден 16 оқушы түлеп ұшқалы отыр. Оның ішінде 15 оқушы тестілеуге барады. Түлектерге алдағы сынықтан сүрінбей өтуге тілектеспіз. Ойдағыдай нәтиже көрсетеді деп сенеміз!»-, дейді Алма Мамина, О.Әлібаев мектеп директорыдың ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары.

Биылғы түлектерді құттықтай отырып, алдағы тестілеуден жақсы нәтиже көрсетулеріне тілектеспіз!