«Абай» шахтасының кеншілері мен диспетчерлері марапатқа ұсынылады

«Абай» шахтасының кезекші диспетчері жер астындағы қауіп туралы сигналға жедел және кәсіби жауап берді. Бұл қайғылы салдардың алдын алуға көмектесті. Кеншілердің бірі апаттан кейін әріптестерін құтқаруға асықты. Олар марапатқа ұсынылады. Бұл туралы ҚР ТЖ министрі Юрий Ильин мәлімдеді.

– Шығарындылардың басталуы және тікелей кенжарда орналасқан датчиктер бойынша метан концентрациясының артуы тіркелді. Кезекші диспетчер электрмен жабдықтауды ажырату туралы шешім қабылдады. Жұмыскерлерді эвакуациялау үшін команда берілді. Кезекші диспетчердің іс-әрекетінің арқасында аса қайғылы салдарлардың алдын алуға мүмкіндік туды, – деп атап өтті ведомство басшысы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында тікелей эфирде өткен баспасөз мәслихатында үкіметтік комиссияның қорытындыларын жария ету кезінде.

Министр кеншілердің бірінің батыл әрекеті туралы да айтты. Электр энергиясын ажыратқаннан кейін ол өзін-өзі құтқарғышты киіп, апаттық кенжарға барған.  Ол әріптестерінің бірін шығара алды. 

– Менің ойымша, ол ерлік іс жасады, жолдастарына соңына дейін көмектесті. Менің тапсырмам бойынша кенші мен диспетчер ведомстволық наградаларға ұсынылатын болады, – деді Юрий Ильин.

7 қараша күні сағат 08:24-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Абай» шахтасында кенжарда көмір мен газдың кенеттен шығарылуы болғанын еске саламыз. Нәтижесінде алты адам қаза тауып, үшеуі жарақат алды. Апат кезінде шахтада 64 адам жұмыс істеді, оның ішінде 8-і кенжарда болған.