Қарағандыда әлемдік деңгейдегі дүбірлі дода өтеді

Қазақстан үстел теннисінен «ITTF Kazakhstan International Open-2021» халықаралық турнирін тұңғыш рет қабылдайтын болды. Дүбірлі дода 15-19 қыркүйек аралығында Қарағандыдағы Saryarka үстел теннисінің жаңа орталығында өтеді.

Жарысқа Аустрия, Сауд Арабиясы, Үндістан, Беларусь, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан елдерінен 70-тен астам спортшы қатысады.

Жүлде қоры 30 мың АҚШ долларын құрайтын айтулы жарыс ТМД елдері аумағындағы Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) биылғы жылғы жалғыз рейтингтік турнирі болмақшы.

«Біз Kazakhstan Open турнирін жыл сайын өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұған былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ашқан Қарағанды теннис орталығының әлемдік стандарттарға сәйкестігі және кез келген деңгейдегі жарыстарды өткізуге қабілетті болуы мүмкіндік береді», – дейді Қазақстан Үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Әбілғазин.

Сонымен қатар, федерацияда атап өткендей, қазіргі уақытта еліміздің жеті өңірінде де үстел теннисі орталықтары салынуда.

Жалпы аумағы төрт мың шаршы метр болатын Saryarka теннис орталығында Халықаралық үстел теннисі федерациясының барлық техникалық талаптарына жауап беретін үстелдер, ойын және жаттығу залдары бар. Сондай-ақ, мұнда кешенді дайындыққа арналған жаттығу залдары, медициналық кабинет, спортшыларға арналған демалыс бөлмелері, төрешілер мен бапкерлер бөлмелері, конференц-залдар мен фудкорт қарастырылған.

Аталған жарыста Қазақстан құрамасы сапында екі бірдей Олимпиада ойындарына қатысушы және команда көшбасшысы Кирилл Герасименко өнер көрсетеді. Теннис турнирін Qazsport телеарнасы мен Халықаралық үстел теннисі федерациясының ресми сайты тікелей эфирде көрсетеді.

Республикадағы күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты, жарыс көрерменсіз өтеді.