Қанат Ислам қарсыласын нокаутқа түсірді(ВИДЕО)

Орта салмақта жұдырықтасатын қазақстандық Қанат Ислам кәсіпқой бокста кезекті жеңісіне қол жеткізді. Ол эквадорлық Джейсон Минданы нокаутқа түсірді.

Қанат Ислам Майамидегі (Флорида штаты, АҚШ) бокс кешінде рингке шықты. Қарсыласы кездесуге бір күн қалғанда өзгерді. Бастапқыда 35 жастағы Исламның қарсыласы 33 жастағы ганалық Ободай Саи болуы керек еді. Бірақ кейін қазақстандыққа қарсы эквадорлық Джейсон Минда шығатыны анықталды.

10 раундқа жоспарланған кездесу тек жеті раундқа созылып, Қанаттың пайдасына шешілді.

Қанат Ислам бір жылдан аса уақытқа созылған үзілістен кейін рингке қайта оралып отыр. 2019 жылдың қазанында ол Алматыда намибиялық Уолтер Каутондокваны жеңіп, орта салмақтағы WBO International титулын қорғап қалған еді.