Қарағандыда студенттер арасында облыстық онлайн-спартакиада басталды

Қарағандыда облыс әкімінің жүлдесіне студент жастар арасында ХV онлайн-спартакиада басталды. Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған спорттық шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған.

Жарыс 22-28 ақпан аралығында өтеді. Жеке және командалық біріншіліктер жоспарланған. Облыстың сегіз жоғары оқу орнының әрқайсысынан 43 қатысушы өнер көрсетеді. Жарыс форматына байланысты командалық ойындардан бас тартуға тура келді.

- Пандемияға байланысты біз баскетбол мен волейболдан жарыстар өткізе алмаймыз. Барлығы сегіз спорт түрі болады: шаңғы жарысы, гир спорты, жеңіл атлетика, дойбы, тоғызқұмалақ, асық ату, конькимен жүгіру спорты, президенттік көпсайыс. Спартакиаданың барлық түрлері бізге спорттық шараны онлайн режимінде өткізуге мүмкіндік береді, - деді спартакиаданың бас төрешісі Нұрлан Түсіпов.

Спорт додасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің кубоктарымен, дипломдарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталады.