Самбодан әлемді ұтқан тұңғыш қазақ

Самбодан Әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ, дүниежүзілік доданың екі дүркін жеңімпазы, Еуропа, КСРО чемпионы Қанат Байшолақов бүгін тірі болғанда 60 жасқа толар еді. Ұлттың намысын ту етіп көтерген қазақтың Қанаты осыдан он жыл бұрын жазатайым жол апатынан қайтқанда, қазақ даласы күңіреніп қалған. Содан беріде әйгілі палуан атына Қазақстанда спорт нысаны немесе көше берілмегені өкінішті. Спорт саңлағының туған күні қарсаңында біздің "Life 09" редакциясы Қанат Байшолақовтың туған інісі, самбодан Әлем кубогының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Талғат Байшолақовпен әңгімелесіп қайтты.

Жасөспірімдер мен жастар арасында КСРО-ның екі мәрте чемпионы Талғат аға жақында ағасы Қанат Байшолақов атындағы спорт кешені Қарағандыда ашылатынын мәлімдеді. Өз қаражатына тұрғызып жатқан болашақ спорт нысаны Еңбек спорт кешенінің жанынан салынып жатқан көрінеді. Сәтін салса, Тәуелсіздік тойына орайластырып ашпақ ниетте екен. Қазақ күресі, самбо, дзюдо, тағы басқа спорт түрлерінен жаттығу залдары болатын кешеннің аумағы 7 мың шаршы метр.

"Ағам қайтқалы он жылдан асып барады. Басында спорт кешеніне атын береміз деген сөз шыққан. Бір жыл, екі жыл өтті. Одан кейін бес жыл өту керек деді. Сөйтіп жүргенде, ағам қайтқанының 7 жылдығында сол спорт кешенін өзім неге салмаймын деген ой келді. Сол ой санада пісіп-жетіліп жүріп, ақыры осындай қадамға жетеледі. Ешкімнің көмегінсіз-ақ, қаражатынсыз-ақ бастап жібердім. Алла қаласа, биыл салып бітірем деген ойдамын. Жаңаарқадан көше аты берілейін деп жатыр. Бұрын халықаралық турнир өтіп тұратын, мына пандемияға байланысты тоқтап тұр" дейді Талғат Байшолақов.

Иә, Қанат Байшолақовтың өкшесін басқан төрт інісінің төртеуі де жауырыны жер иіскемеген чемпиондар. Алды осы Талғат аға. Спорт саласын қаузап жүргендер бір үйден бес чемпион шыққаны - әлемдік спорт тарихында болмаған, қайталанбас құбылыс деп бағалапты. Соның үшеуі әлем чемпионы болса, екеуі Қазақстан көлемінде жеңімпаз. Бұған үлкендері Қанат Байшолақовтың әсер еткенін айтады Талғат Сайранұлы.

"Біз қанша Қанаттай боламыз деп тырысқанымызбен, ондай болу қайда! Бетке айтатын, турашыл, шыншыл болды. 1981 жылы Жамбыл облысы, Таразға Қанаттың қасын оқуға бардым. Қанаттай болуға тырысып жүрдім. Сол 81 жылы ақпан айында ол Әлем чемпионы болып келді. Жаңаарқаға келгенде жаттығу залында менімен күресіп көрді де, Диқанбай Биткөзовке "мынаны Одаққа жарысқа апарыңыз" деді бірден. Бір айдан кейін жастар арасында Одақты (КСРО) ұттым. КСРО бойынша спорт шебері болдым. Сонда Қанат кеп "мынаны апарыңдар" деп айтпағанда... ауылда жүре берер ме едік, кім біледі?! Қанат айтқан соң бір айдан кейін Қарағандыдан Новокузнецкіге барып, Одақ көлемінде жеңімпаз болып оралдық. Ол кезде 10 сынып оқушысы едім. Содан кейін жолым ашыла бастады. "Ағасы бардың жағасы бар" деген сөздің мағынасын кейін барып түсіне бастадық.  Жұлдыздай жарқырап өтті өмірден. Асыл қасиеттерін айтып тауысу мүмкін емес. Қанат туралы айтуға да шабыт керек. Оның рухы мен мінез-құлқын сезінетіндей ерекше күй кешіру керек" деп түйіндеді сөзін Талғат Байшолақов.

 

Жәнібек Әлиман