Сайлауалды бағдарламаның орындалу барысы талқыланды

Фото:Saryarqanews

Бүгін АМАNАТ партиясының Қарағанды облыстық мәслихатындағы депутаттық фракциясының отырысында партия сайлауалды бағдарламасы жол картасының 2022 жылғы алғашқы тоқсандағы іске асырылу барысы талқыланды.

Фракция отырысы

Отырыс облыс әкімі, АМАNАТ  партиясының облыстық филиалының төрағасы Жеңіс Қасымбектің, облыстық мәслихат хатшысы Серік Өтешовтің және басқарма басшыларының қатысуымен өтті. Сонымен қатар, онлайн режимінде қалалар мен аудандар әкімдерінің, өңірлік филиалдар атқарушы хатшыларының қатысуы қамтамасыз етілді.

Партияның 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасын тиімді іске асыру мақсатында Қарағанды облысының жол картасы әзірленіп, бекітілгені белгілі. Оған 7 бағыт бойынша 132 іс-шара кірді.

Қамбар Ахметов

- АМАNАТ партиясының сайлауалды бағдарламасының іске асырылуын жүйелі бақылау үшін әрбір өңірде, қалалар мен аудандарда нақты мақсатты индикаторлар мен мерзім белгіленген, сондай-ақ жауапты орындаушылар айқындалған. Жол картасы ұлттық жобаларының бағыттары бойынша фракциядағы мониторингтік топтар жұмысты жобалық кеңсемен бірлесіп жүргізуде. Депутаттар әр саладағы жоспарлы шаралар бойынша статистикалық мәліметтерге ғана сүйенбей, салынып жатқан нысандар мен атқарылып жатқан шараларды жіті бақылап отыр, - дейді бізге сұхбат берген облыстық мәслихаттың депутаты, АМАNАТ партиясы фракциясының мүшесі Қамбар Ахметов.

 

Облыста өткен жылдан бері жол картасының пункттерін жүзеге асыру бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Былтыр 124 іс-шара іске асырылуы керек болса, соның 106-сы орындалды. 15-і орындалмаған, іске асырылып жатқанымен, статистикалық мәліметтері жарияланбаған шаралар қатары – 3-еу.

Экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов бүгінгі күні Ұлытау облысының құрылуына байланысты жол картасын қайта қарау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Жобамен Қарағанды өңірі бойынша 2023-2025 жылдары жүзеге асырылатын 120 іс-шара қамтылса, Ұлытау облысының жол картасы 112 іс-шарадан тұрады деп жоспарлануда.

Бұдан әрі жол картасының орындалуы кешеуілдеген индикаторлары талқыланды. Мәселен жоспарда көпқабатты тұрғын үйлердің кем дегенде 440 қасбеті мен шатырын жөндеу қарастырылған болатын. 124 мың тұрғынды қамтитын бұл шараны іске асыруға қаржылындырудың жеткіліксіздігі қолбайлау болып отыр. Дәл осындай себеппен 108 жеделсатыны қалпына келтіру және ауыстыру жұмысы да орындалмаған. Осыған қатысты жоспарлы көрсеткіштерге өзгерістер енгізу жоспарлануда.

Депутаттар осы жылы облыста алты спорт нысанын салу ісінің де кешігіп жатқанын атап айтты. 

Сонымен қатар Ақтоғай ауданындағы Айыртас ауылында өрт сөндіру бекетін ашу жоспарының да орындалмау қаупі бар екенін тілге тиек етті. Бұған қатысты облыстық төтенше жағдайлар депатраментінің өкілі биыл осындай бес бекетті ашу көзделгенімен, Ақтоғай ауданындағы бекеттің уақытында ашылмау қаупі бар екенін мәлімдеді.

Депутаттар тарапынан көтерілген мәселенің тағы бірі – бір жас пен алты жас аралығындағы балалардың мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтылуы. Бұл бағыттағы жоспар 86% болса, іс жүзінде қазіргі көрсеткіш 78,6% болып тұр. Шенеуніктер бұған 2020-2021 жылдары пандемия салдарынан кейбір балабақшалардың ашылмауы себеп болғанын айтты. Сондай-ақ осы кезеңде балалар саны толық болмағандықтан, өңірде 26 шағын орталық жабылған көрінеді.

Жол картасының мерзімінде орындалмау қаупі бар тұстарына тоқталған облыс әкімі экономика басқармасына, бағдарламалар әкімшілеріне, аудан, қала әкімдеріне іс-шаралардың уақытында және сапалы іске асуына үнемі мониторинг жүргізуді тапсырды.

Сонымен қатар іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етпеген сала басшыларына тәртіптік жаза тағайындалатынын атап айтты.

 Ж.Қасымбек АMANAT партиясы фракциясының депутаттарына өздеріне бекітілген индикаторлар мен нысандарға жіті бақылау жасауды тапсырды.

Әсем СЕРКЕБАЕВА

 

total views stat
0