Бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің биылғы алғашқы отырысы өтті. Отырысқа бейнебайланыс режимінде Қарағанды өңірінен партия облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбеков, «Miras» облыстық кеңесінің төрағасы Қамбар Ахметов және кеңес мүшелері қатысты.
Жиында депутаттар, үкімет мүшелері, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері баяндама жасады.
Кеңесте биылғы Жолдауда айтылған мәселелер – БАҚ-тың рөлін арттыру және мәдениет саласын дамыту, кітап шығару тақырыптары қаралды.
Партия Атқарушы хатшысы Асхат Оралов партиядағы трансформацияға тоқталды. Сонымен қатар биыл мәдениет пен өнерді қолдау бағытында бірнеше іс-шараны қолға алынатынын айтты.
«Дәстүрлі «Алтын домбыра» ақындар айтысынан бөлек биыл «Бабалар аманаты» айтысын да ұйымдастыруды ұсынамыз. Бұдан бөлек, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығы және Ғабит Мүсіреповтің туғанына 120 жыл секілді айтулы даталарды атап өтуге партия жан-жақты қолдау көрсетеді», – деді ол.
Кеңес отырысында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Президент Жолдауында айтылған міндеттерге сәйкес, министрлік қолға алған жұмыстарға тоқталды.
«Кітап шығару ісін одан әрі дамыту үшін жас қаламгерлерді қолдау аса маңызды. Осы ретте 2023 жылдан бастап жас қазақстандық жазушылар мен ақындар үшін арнайы Президенттік әдеби сыйлық тағайындалады. Қазір тиісті мемлекеттік органдармен Жарлық жобасы әзірленуде. Оған қоса биыл министрлік «Үздік балалар шығармасы», «Жылдың үздік кітабы», «Жас қаламгер» атты конкурс-жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр», – деді министр.
Кеңестің жаңа төрағасы, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай жаңа құрамдағы «Miras»-тың жұмысына сәттілік тілей отырып, азаматтық қоғам қалыптастыру мен мәдениет салаларын дамытудағы қордаланған мәселелерді бірігіп талқылау, нақты ұсыныстар айту ортақ мақсат екенін жеткізді.
Тақырыпқа орай Мәжіліс депутаты, белгілі қаламгер Жанарбек Әшімжан, «Қазақ медиа қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі басқару кеңесінің төрағасы Ербол Азанбек баяндама жасап, ақпарат саласындағы түйінді мәселелерді айтты.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін одан әрі дамыту бағытында қолға алынған істерді баяндады.
«Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Берік Уәли Мемлекет басшысы Жолдауының маңызына тоқталып өтті.
Сондай-ақ, кеңесте «mecenat.kz» жобасының әзірлеушілері қазақ қаламгерлерінің шығармаларына арнайы бәйге жариялайтыны айтылды. Олар жүзден жүйрік шыққан жазушыға өмірінің соңына дейін ай сайын 500 доллар көлемінде сыйақы беруге ниетті.
Осы отырыстан кейін партияның Қарағанды облыстық филиалы жанындағы «Miras» облыстық кеңесінің төрағасы Қ.Ахметов өңірлік деңгейде талқыланатын мәселелерді жоспарлап, хатшылыққа тиісті тапсырмаларды жүктеді. Алдағы уақытта кеңестің күн тәртібіне шығарылатын мәселелер тізбесі түзіліп, бекіту үшін республикалық кеңеске жолданатын болады.