Мемлекет басшысы Total концернінің басшысын қабылдады

Кездесу барысында көмірсутегі секторындағы бірқатар жобаны жүзеге асыру мәселелері, Қазақстан мен Total концерні арасындағы ықпалдастықтың алдағы перспективалары, сондай-ақ, жаңа инвестициялар тарту мүмкіндіктері талқыланды.

Арно Брейяк Қасым-Жомарт Тоқаевқа концерннің жасыл технологиялар бағытындағы жұмысын трансформациялау жоспары туралы айтып, кәсіпорынның атауын TotalEnergies деп өзгертуге ниетті екенін жеткізді.

Сонымен қатар француз кәсіпкері концерннің Қазақстандағы мұнай-газ саласы бойынша, соның ішінде, Қашаған кен орнындағы екінші фазаны іске асыру аясындағы ірі жобаларға, сондай-ақ, жаңартылатын энергия көздері бағытындағы бірқатар жобаға инвестиция салуға дайын екенін нақтылады.

Мемлекет басшысы мұнай-газ концернінің даму стратегиясын өзгерту жөніндегі шешімін құптап, Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бойынша бейтараптыққа қол жеткізуге бейілді екенін айтты.

Сонымен қатар кездесуде Арно Брейяк Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның Каспий және Оңтүстік-Еуропа аймағы бағытындағы бөлімшесінің жаңа вице-президенті Кристин Хейлиді таныстырды.