Қазақстанның ұлттық банкі Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті бар коллекциялық монеталардың сатылымға шығатынын мәлімдеді.
Ресми мәліметке сәйкес, коллекциялық монеталар "Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар" сериясымен шығып отыр. Атауы – "QAZAQSTANNYŃ ASTANASY – NUR-SULTAN". Оны 28 сәуірде сатылымға шығарады.
"Монеталарды kazcoins.nationalbank.kz интернет-дүкені арқылы сатып алуға болады. Ол үшін қолданушылар тіркеліп, жеке кабинет ашуы тиіс", – дейді банк мамандары.
Монетаның номиналы – 1 000 теңге. Салмағы – 62,2 грамм. Құрамында 925/1000 сынамалы күміс (46,2 грамм) мен 999/1000 сынамалы алтын (16 грамм) бар. Дайындау сапасы – "proof". Монеталар 1 000 данамен шығарылды.
"Монеталар Қазақстан Республикасының барлық аумағында төлемдердің барлық түрі бойынша қабылдауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық банкінде банк шоттарына есепке алынуға, аударылуға, ұсақтауға және айырбастауға жатады", – делінген ресми хабарламада.
Монеталар кәдесый орамында сатылымға шығарылады. Оның әрбірінің қазақ, орыс және ағылшын тілінде жазылған нөмірлік сапа сертификаты бар. Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында жасалды.