Жазушы, ақын Қастек Баянбай 85 жасында дүниеден өтті. Қаралы хабарды ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева жеткізіп, марқұмның туыстарына көңіл айтты.
"Ұлттық журналистиканың ардагері, белгілі ақын, "бар әдебиеттің бастауы – балалар әдебиеті" деген Қастек ағамыз өзінің бүкіл саналы ғұмырын балалар әдебиеті жолына арнап, жалынды өлеңдер мен әңгімелер жазды, мазмұнды аудармалар жасады, қазақ журналистикасын дамытуға аянбай еңбек етті", - деп жазды министр.
Қастек Баянбай 1936 жылы 15 қарашада Алматы облысы Алакөл ауданындағы Талдбұлақ ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.
Журналистика саласындағы еңбек жолын 1960 жылдан бастаған.
1971-1995 жылдары "Жазушы" баспасында редакция меңгерушісі, "Жалын" баспасында бас редактор қызметтерін атқарған.
Балаларға арналған "Арғымақ" деген алғашқы жинағы "Жалын" баспасынан жарық көрді. Ақынның өлеңдері мектеп оқулығына енген, ертегілері бойынша мульфильм түсірілген. Шығармалары орыс, украин, өзбек, болгар, әзірбайжан тілдеріне аударылған.
1986 жылы "Тәтті сабақ" жинағы үшін Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлық берілді.
2005 жылы "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды.