44803 әскери бөлімінің жеке құрамы мен Қарағанды қаласының Мұхтар Әуезов атындағы орталық кітапханасы бірлесе отырып «Ұлы Даланың Ұлы ақыны - Қасым Аманжолов» тақырыбында кеш ұйымдастырды.
Әскери қызметшілер мен сарбаздардың қатысуымен өткен жиында еліміздің тарих беттеріндегі оқиғалар бойынша мағлұматтар айтылды.
Биылғы жылы қазақтың өршіл ақыны Қасым Аманжоловқа 110 жыл. Мұхтар Әуезов атындағы орталық кітапхананың қызметкерлері тарихи деректерге сүйене отырып, Zoom платформасында онлайн режимде ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы айтып, кітап көрмесін ұсынды. Шарада сарбаздар ұлы ақын - Қасым Аманжоловтың құрметіне өлеңдер оқып, әндерін шырқады. Танымал туындылар қатарында «Дариға сол қыз, өзім туралы» әнінің шығу тарихы баяндалды.
«Қасым Аманжолов поэзиясы халық жанының батырлыққа, жомарттыққа, бауырмалдыққа, махаббатқа, алғырлыққа мол дүние. Бұл поэзияның тәрбиелік күші де көбінесе осы жағында. Қасымның мейлінше жағымды, лепті, күйлі, сыршыл поэзиясы – әр ұрпақтың да көңіл серігі бола алатын, ұзақ жасайтын поэзия. Қасым халықтың жанына үңіліп, оның шаттығына бірге шаттанады, мұңына бірге мұңаяды… Біз бүгін қан майданда отан қорғап, елі үшін аянбаған ақын өмірімен таныстық. Мұндай кештің орын алуы, бізді қуантады», - деді мерзімді қызметтегі әскери қызметші Георгий Подкуров.
Айта кетейік, ақын 1911 жылы 10 қазанда қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыларай қыстауында дүниеге келген. Ол жастайынан жетім қалып, бірнеше жыл нағашысының қолында тәрбиеленді. Жас ақын есейгенде, сол кезде, жақында ашылған ауыл мектебінен білім ала бастайды. 1924 жылы Семейдегі мектеп-интернатта білімін жалғастырған. Қасым 1927 жылға дейін сонда тәрбиеленеді, содан кейін үш жыл Семей мал дәрігерлік техникумында оқыған. Аталмыш уақыт ішінде ол өзінің алғашқы өлеңдерін жаза бастады. 1941-1946 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, Қызыл Армия қатарында қызмет еткен.