Қарағандыда Жүрсін Ермановтың мерейтойы аталып өтуде

Қарағандыда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ақын, журналист және қазіргі айтыстың ұйымдастырушысы Жүрсін Ермановтың 70 жылдығына арналған іс-шаралар өтеді.

Бүгін, 24 қараша күні Кеншілер мәдениет сарайында мерейтой иесіне арналған шығармашылық кеш өтеді. Басталуы 16:00. Ал 25 қараша күні сағат 11:00-де республикалық ақындар айтысы өтеді.

Шығармашылық кешке Асанәлі Әшімов, Алтынбек Қоразбаев бастаған қазақ өнерінің қайраткерлері, сондай-ақ Мұхтар Есдәулет, Ғалым Жайлыбай, Серік Ақсұңқар, Бауыржан Жақып, Несіпбек Айтұлы және т. б. белгілі ақындар қатысады. Олар Жүрсін Ермановтың сөзіне жазылған өлеңдер оқып, ән шырқайды, сонымен қатар мерейтой иесіне арналған өлеңдерін оқиды.

– Айтысқа «Алтын домбыраның» үш дүркін иегері Мұхтар Ниязовтан бастап 16 мықты ақын қатысады. Қарағандыда айтыс қызықты өтуде, мұнда жұртшылық аса талғампаз, сөз астарын түсінеді және құрметтейді. Мен әрдайым қарағандылықтар – ең үздік көрермендер деп айтамын, сондықтан біз оларға жақсы өнер фестивалін сыйлау үшін келдік, – дейді Жүрсін Ерманов.

Шығармашылық кеште сондай-ақ «Жүрсін жыр» және «Ұлытаудан Алатауға» атты кітаптардың тұсаукесері өтеді. Бірінші басылым – Жүрсін Ермановтың туған күніне арналған достарының сыйы, онда мерейтой иесінің шығармалары мен ол туралы өлеңдер жинақталған. Ал екінші кітап 10 күн бұрын жарық көрді. Онда Жүрсін Ерманов өзінің өмірі мен шығармашылығы туралы баяндайды. Басылым автордың жеке мұрағатынан алынған фотосуреттермен безендірілген.