Ескендір Хасанғалиев өмірден өтті

Танымал әнші-композитор Ескендір Хасанғалиев қайтыс болды. Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов өзінің фейсбук парақшасында жазды.

"Ардақты ағамыз, асыл ағамыз, әйгілі композитор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан КСР халық артисі Ескендір Өтегенұлы Хасанғалиев өмірден озыпты. Марқұмның жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Иманы саламат болсын", - деп жазды Нұрқиса Дәуешов.

 Еске сала кетсек, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиев пен жұбайы Дарико Хасанғалиеваның коронавирус жұқтырып алғанын жазған едік.

 Қазақстанның халық әртісі Ескендір Хасанғалиев 1940 жылы 13 ақпанда Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында дүниеге келген.

«Анаға сәлем», «Әдемі-ау», «Асыл арман», «Атамекен», «Бозторғай», «Елігім-еркем», «Есіңе ал», «Ескірмеген махаббат», «Гүл сезім» сынды 200-ге жуық ән, романс, хорға арналған шығарманың авторы.

«Құрмет», «Отан» ордендерімен марапатталды, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Платинды Тарлан» сыйлығының лауреаты, Алматы және Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы.