Бүгін Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 110 жылдық мерейтойы мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты республикалық мүшәйрасы өтті. Жыр кеші Қарағанды облысы әкімдігінің және облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған, - деп хабарлайды Saryarqanews.kz тілшісі.
Мүшәйра Қасым Аманжолов мұрасын насихаттай отырып, жас ақындардың шығармашылығына қолдау көрсету және еліміздің терең тарихы мен жарқын жетістіктерін қара өлеңнің құдіреті арқылы дәріптеу мақсатында өткізілді.
Жыр мүшәйрасы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкеновтың алғы сөзімен басталды.
-Қарағанды өңірі жыл сайын осындай шараларды ұйымдастырып келеді және оған қатысушылардың саны да артуда. Мүшәйраға еліміздің түкпір-түкпірінен келген үміткерлерге қош келдіңіздер дегім келеді. Әрине біздің аймақ үшін Қасым Аманжоловтың орны ерекше. Бірақ дегенменде Қасым атамыз бүкіл қазақтың баласы. Осы шаралардың басы-қасында жүрген, атсалысқан ақын-жазушыларымыз бастаған үлкен ұжымға ризашылығымды білдіремін!, - деді Абзал Нүкенов.
Биылғы мүшәйраға 18-45 жас аралығындағы үміткерлер қатысты. Олар сайыс шарты бойынша Қасым Аманжолов шығармашылығына, Тәуелсіздік тақырыбына арнау және еркін тақырыпта – барлығы 3 өлең ұсынды.
Мүшәйра алғашқы рет 2016-2017 жылдары облыстық деңгейде ұйымдастырылған еді. 2018 жылдан бастап республикалық ауқымда өткізіліп келеді.
Жыр додасына үміткерлер Нұр-Сұлтан, Алматы, Шығыс Қазақстан облысы, Түркістан облысы және Ақтөбе облысынан келді.
Ақындар бәйгесіне есімі елге танымал ақын-жазушылар Ғалым Жайлыбай, Нұржан Светқали, Серік Ақсұңқарұлы, Серік Сағынтай және Жанат Жаңқашұлы қазылық етті.
Мүшәйраның Бас жүлдесі елордалық ақын Ғылымнұр Кәдірбайға бұйырды. Жүлделі І орын Әсел Оспанның еншісіне тиді. Ал, Мирас Асан мен Дәурен Тілеухан жүлделі ІІ орынды иеленді. Ал, ІІІ орынға Айзада Рақымжанова, Есей Жеңісұлы мен Асыл Амантайұлы лайық деп танылды. Жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
-Бүгін бақ сынайтын күн болды. Ақынға өлең жазу оның өлеңдерін оқумен шектелу емес, ақынның жүрегіне бойлап, оның жүрген жолдарын көру керек. Жақында Қарқаралыда болдым. Мен сол кезде Қасым Аманжоловтың жүрген жерін, туған топырағын көріп, тағдыры жайлы естіп, сол бір сапарлардан өлең жазуға деген ой туды. Кейін осы мүшәйра жайлы естіп сол жазған өлеңімді осы байқауға ұсындым, - дейді бас жүлде жеңімпазы Ғылымнұр Кәдірбай.
Сонымен қатар Мүшәйраның жеңімпазы мен жүлдегерлеріне академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды универститетінің құрастыруымен жарық көрген «Қасым тағылымы» екі томдық кітап пен облыстық мәдениет басқармасының бастамасымен жарық көрген Қасым Аманжоловтың сөзіне жазылған «Бір нәзік сәуле» әндер жинағы табыс етілді.
Әсем Секербай