Бүгін - Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туған күні

«Алаш»  қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның туғанына биыл 155 жыл толып отыр. Бар саналы ғұмырын құлдық қамытын киіп, Ресей патшасына кіріптар болған қазақ даласын азат етуге арнады. Көзі ашық, көкірегі ояу қазақ зиялыларының басын ортақ мүдде жолында біріктіріп, есімі қазақ тарихына алтын әріппен жазылды.

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан 1866 жылы 5 наурызда Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7-ші ауылында (қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы) дүниеге келген. Ата тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы атақты Көкжал Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей хан осы Көкжал Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед.

Әлихан Бөкейхан – XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласында кеңінен қанат жайған ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі, Алашорда ұлттық автономиясы Халық кеңесінің төрағасы болды.

Сондай-ақ экономист, тарихшы, этнограф, әдебиетанушы ретінде танылды. Қазақ егіншілігі мен мал шаруашылығы, соның ішінде қазақтың сиыр, қой және жылқы шаруашылығы туралы іргелі зерттеулер жариялады. Қазақ тарихы, этнографиясы, әдебиеті мен фольклоры туралы жүздеген мақалалар жазып, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Ер Тарғын», «Ер Сайын» секілді халық ауыз әдебиетінің бірнеше үлгілерін жинақтып, баспа бетіне шығарды. Оның осы күнге дейін табылып, жинақталған ғылыми-публицисткалық мұрасы 15 томға жетті.

Әлихан Бөкейхан мен оның сенімді серіктерінің бастамасымен «Қазақ» газеті ашылды, «Алаш» партиясы, кейін Алаш Үкіметі құрылды. Автономия ретінде күш-қуатын бекіте түскен ел зиялылары Алаш әскері жасақталды. Әлихан Бөкейхан миллиондаған қазақты «Алаш» идеясының төңірегіне топтастыра білген тұлға. ХХ ғасырдың басынан бастап Алашорда үкіметі тарағанға дейін ол ұлт мүддесі жолындағы күрестің бел ортасында жүрді.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов 1929 жылы Алматыда қамауға алынып, Мәскеуге Бутыркаға тергеуге түскенде, КСРО Халық ко­мис­сарлар кеңесі жанындағы ОГПУ "үшті­гінің" оған "1921 жылы Орынборда контррево­люциялық ұйым құрды, ортаазиялық пантүрік­шіл ұйымның басшысы Валидовпен байла­ныста болды. 1927 жылы қазақ даласында қарулы көтеріліс даярлау әрекетіне қатысты" деп айып тағып, РСФСР Қылмыстық Кодек­сінің 58-бабының 2,4 және 11-тармақтары бойынша ату жазасына кесілуі тегін емес еді. Алайда, ОГПУ "үштігі" қазақ ұлты зиялыла­рының көсемі Ә.Бөкейхановтай үлкен тұлғаны құртып жіберуге қорықты. Оған берілген өлім жазасы абақтыда өтеуіне ауыстырылды. Ақыры ол ОГПУ органдарына ұлт зиялыларының наразылық білдіруіне байланысты түрмеден босатылды.

1937 жылы 27 қыркүйекте Әлихан Бөкейхан тұтқындалып, бір айдан кейін жалған жаламен 71 жасында Мәскеуде ату жазасына кесіледі.