Белгілі ақын Есенғали Раушанов өмірден өтті

Қазақ әдебиеті қара жамылды. Белгілі жазушы, ақын Есенғали Раушанов 64 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Бұл туралы ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек өзінің Facebook парақшасында жазды.

«Қадірлі ағайын! Қазақтың аса көрнекті ақыны, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Есенғали Раушановтан айырылып қалдық. Алла алдынан жарылқасын. Асыл рухы бейіштің төрінде шалқысын»,-деп жазды ол.

Есенғали Раушанов 1957 жылы 5 қазанда Қарақалпақ АКСР-інде туған. 1973 жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Келінтөбе совхозындағы №192 орта мектепті бітірген соң, 1975–1977 жж. Кеңес әскери күштері қатарында Солтүстік Кавказ әскери округінде қызмет атқарды. ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген.

1983–1987 жж. «Жалын» және «Арай» журналдарында поэзия бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, 1988–1995 жж. «Білім және еңбек» («Зерде») журналының бас редакторы қызметін атқарды. Қазір «Жазушы» баспасының директоры.

Өзбек классигі Хамза Ниазидің өлеңдерін өзбек тілінен тікелей аударып, жеке кітап етіп шығарды. Ортағасырлық тарихи танымдық жәдігер «Темір жарғылары» да тұңғыш рет қазақ тілінде Е.Раушанов тәржімасымен сөйледі.

Өлеңдері орыс, литва, болгар, чех, украин, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.