Журналист Айқын Несіпбай - 70 жаста

Ардагер  журналист  Айқын Несіпбай  70 жасқа толып отыр. Жарты ғасырға жуық өмірін осы салаға арнаған ағамыздың қаламына ілінген әр тақырып өзектілігімен, терең мазмұнымен , өміршеңдігімен ерекшеленеді.

Айқын Несіпбай  әр жылдары «Торғай таңы»,  «Лениншіл жас» «Орталық Қазақстан» , «Егемен Қазақстан» сияқты беделді басылымдарда жемісті еңбек етті.  Журналистика саласындағы  ұзақ  жылдардан бергі адал еңбегі үшін Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» , республикалық «Алтын қалам» сыйлығының иегері болды.  «Қазақстанның құрметті журналисті» атанды. Сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» медаліде Айқын ағамыздың еншісінде.

Мерейтой қарсаңында республикаға белгілі журналистер мен шәкірттері жылы лебіздерімен бөлісті.

«...Ойлап қарасам, есімі елімізге танымал журналист ағамыз Айқын Несіпбайды білетініме 35 жыл болған екен. Шапқан аттай, атқан оқтай зымыраған уақыт деген – осы! Бәрі де күні кешегідей ғана сияқты еді-ау...

...Нұрлы Нұра өңірінің талантты бір тумасы, қарағандылық танымал қаламгер ағамыз Айқын Несіпбай ұялы телефонға шорқақ болса да, қаламы жорға жүрісінен жаңылған емес. Соның айғағындай бірнеше публицистикалық жинақтары жарық көрді. «Жылжыған жылдар жылуы» атты кезекті кітабы – оқырман қауымға рухани ләззат сыйлайтын туындылар топтамасы. Жетпіс жастың жотасына желіп жеткен Айқын ағама мықты денсаулық, ұзақ өмір, шығармашылық шабыт және отбасына құт-береке тілеймін. Мерейлі жасыңыз құтты болсын, ардақты Айқын аға!»,-деп жазды журналист Төлеубай Ермекбаев.

«...Айқын журналистік жолын ба­қытты ғұмырдың еншісі санайды. Жақсымен жанасу да ол үшін бір дәурен екен. «Егемен Қазақстан» га­зетінің ұжымы шеберліктің ғана емес, адами қалыптың, сыйластықтың, ұлт­тық мәдениеттің мектебі сияқты еді-ау. Ұжымның қолдауымен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, «Қа­зақстанның құрметті журналисі» атанды. Ұстаздары Нұрмахан Ораз­беков, Ержұман Смайыл, Уәлихан Қалижаннан алған тағылымы бір төбе. Мұның барлығы Айқын үшін қанатын қаққан сайын биіктейтін қыран секілді өсу баспалдақтары болды. Адамның бақыты да жалқы болмайды, аққудың жұбындай қосарлана жүрмек. Жетпістің жалынан ұстаған Айқын – тек жүйрік журналист емес, адал жар, мейірімді әке, мейірбан ата. Алланың бергенін бағалай білу де – ақ жүректің ісі.»-, дейді журналист Нәзира Жәрімбет.