Нұр-Сұлтанда сегізінші қабаттан құлап кете жаздаған баланы құтқарған үшінші батыр кім?

Saryarqanews.kz

Нұр-Сұлтан қаласында сегізінші қабатта терезеге салбырап тұрған баланы құтқарып қалған екі батыр жігітті әлі ұмыта қойған жоқпыз. Анығында батырлар үшеу болған екен. Құтқару ісіне белсене араласқан үшінші адам Қарағанды университетінің студенті Марат Нұрайдын болып шықты. Әу бастан ерлігін жарнамалауды қаламаған жас батырдың есімін желі қолданушылары жария еткен. Жас болса да жақсылық жолында аянып қалмаған Нұрайдын сол күнді тағы бір есіне түсіріп көрді.

«Сол күні ағам екеуміз жұмысқа шығып бара жатқанбыз. Сыртқа шыққанда сегізінші қабаттағы терезеден  салбырап тұрған баланы көрдік. Біз бірден бала асылып тұрған жетінші қабаттағы үйге кіріп,терезені сындырмақ болдық. Бірақ, қалың терезе оңайлықпен сына қоймады. Сол сәтте Сәбит пен Сағи келіп, баланы құтқарып алды»,- дейді Нұрайдын Марат.

Нұрайдынның өзі ерлік жасадым деп санамайды. Жақсылық жасау мен халыққа көмектесу кез келген азаматтың парызы дейді жас батыр.

«Мен ерлік жасадым деп санамаймын. Менің орнымда болған кез-келген адам құтқаруға асығар еді. Жақсылық жасау үшін себеп те, сылтау да қажет емес. Жақсылық арқылы қоғам да дұрыс бағытқа бет бұрады»,- дейді Нұрайдын Марат.

Ерлік қашанда ескерілу керек. Осы мақсатта Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов  Нұрайдынға аймақ басшысының алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ жас батырға Қарағанды университетінің атынан 300 мың теңгелік сертификат берілді.

Естеріңізге сала кетейік, 3 жасар баланы құтқарған Сәбит Шонтақбаев пен Сағи Жылқышиев та төтенше жағдайлар министрлігінің медалімен марапатталған болатын.

 

Аяжан ЕРАЛЫҚЫЗЫ