Ерлан Файзуллин: Аймақта қылмыс айтарлықтай азайды

Из открытых источников

Бүгін Қазақстан полициясының құрылғанына 30 жыл толды. Осыған орай, жыл сайын 23 маусымда бейбіт күнде қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін күзететін полицейлер күні аталып өтеді. Бұл күн тұрақтылық пен қоғамдық тәртіпті сақтауға үлес қосқан ардагерлерге және осы қатарда еңбек етіп жүргендерге, қызметтік парызын өтеуде өмірін қиғандарға ризашылық пен алғыс білдіру күні болып саналады.

Еліміздегі тәртіппен тыныштықты қадағалайтын ішкі істер органдары 1992 жылдың 23-ші маусымында құрылған болатын. Бұл Тәуелсіз Қазақстан Республикасы полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болды. Содан бері Қазақстан полицисы түрлі даму кезеңінен сүрінбей өтіп, қоғамға адал қызмет етіп келеді.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Ерлан Файзуллин аймақтағы полицейлердің тынбай еңбек етуінің арқасында қылмыстың едәуір азайғанын айтады. Алайда ерен еңбекке қарамастан бүгінгі күннің залалына айналған есірткі саудасы мен интернет алаяқтық белең алып тұрғанын да жасырмады.

 « Осы кезеңде облыстың жергілікті полиция бөлімшелерімен 4693 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Өткен жылмен салыстырғанда 15,4 пайызға төмендеді. Оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмысты тіркеу 13,2 пайызға азайды. Ұрлық 36,1 пайызға, қарақшылық 28,6 пайызға төмендеді. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың 38 пайызы ұрыларға тиесілі. Бірақ, жүйелі жұмыс нәтижесінде саны 20,7 пайызға азайды. Әсіресе, пәтерге ұрлыққа түсу, ұялы телефон, мал ұрлығы жиі тіркеледі. Сондай-ақ, мен интернеттегі алаяқтыққа тоқталғым келеді. Қылмыстың бұл түрі 11,9 пайызға төмендеді. Мамыр айында Қарағандыда, Теміртауда, Алматыда полицейлер 50 млн. теңгеден астам шығын келтірген қаржы мекемесі қызметкерлерінің екі тобын ұстады.» - деді Ерлан Файзуллин.

Сондай-ақ бүгінгі таңда елімізде есіркі бизнесі де өршіп тұр. 2021 жылы 235 есірткіге байланысты құқықбұзушылық тіркелген. Биыл полиция қызметкерлері 169 құқық бұзушылықты анықтады. 180 келіден астам түрлі есірткі құралдары тәркіленген.

«Есірткі бизнесі белең алып тұр. Дегенмен, күрес қарқынды жүріп жатыр деп айтуға болады.Біз синтетикалық препараттарға ерекше назар аударамыз. Биыл трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың алты қатысушысы, біреуі – 15 жылға, қалғандары – 16 жылға сотталды. Олар ел аумағында синтетикалық есірткілерді дайындаумен және сатумен айналысқан. Қарағанды, Павлодар, Нұр-сұлтан қалаларында және Ақмола облысында 5 есірткі зертханасы жойылып, 24 келіге дейін зат және 3 тоннадан астам прекурсорлар алынды. Осындай есірткі әзірлейтін ірі ошақтарды жою басты міндет бізге.»- дейді Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Ерлан Файзуллин.

Ішкі істер органдары басқа құрылымдар сияқты Қазақстан тарихының маңызды бір бөлшегі. Осы бір тарихи кезеңде Қарағанды полиция қызметінің алатын орны ерекше. Аумағы жағынан еліміздегі ең үлкен шаһарлардың қатарына кіретін Қарағанды қаласындағы ішкі тәртіпті, қоғамдық тұрақтылықты қадағалау міндеті жергілікті полицияға жүктелген. 1992 жылдан бері Қарағанды облысында қызметтік міндеттерін орындау кезінде 99 полиция қызметкері қаза тауып, 23-і жарақат алды. Олар өз жұмысына асқан жауапкершілікпен қараған батырлар.

Аяжан ЕРАЛЫҚЫЗЫ