Қарабақ қақтығысының хронологиясы

Әлқисса...

2020 жылдың 27 қыркүйегі.Таулы Қарабақ маңында Армения мен Әзірбайжан әскерлері арасында кезекті  қақтығыс басталды. Бұрындары ара-тұра байқалатын кикілжің осы жолы ашық соғысқа айналды. Бүгінге дейін ресми мойындалмаған республикада Арменияның дегені жүріп тұрған. Бірақ ресми Баку ежелгі жауластықтың нүктесін қоюға ниетті еді.  

Тарих не дейді?

"Қарабақ" сөзі көне түркі тілінің "қара" және парсы тіліндегі бау-бақша мағынасын беретін "бақ" сөздерінің қосылуынан пайда болған. "Бай бақ" деген мағынаны береді.

Таулы Қарабақты ежелгі заманда түрлі тайпалар мекендеген. Б.з.д. IV ғасырда Армян патшалығының құрамына еніп, жергілікті тайпалар армяндармен сіңісіп кетеді. Грек тарихшылары Геродот пен Ксенофонттың жазуынша, бұл аумақта армяндар б.з.д. VII ғасырда-ақ қоныстанған. Б.з.д. IV – б.з.д. ІІ ғасырға дейін армяндардың Ервандидтер патшалығының құрамында болса, б.з.д. ІІ ғасырдан біздің заманымыздың 390 жылдарына дейін Ұлы Армения құрамында болған. Көне дәуірде аймақ – Арцах деп аталған (армян тілінде). Арғы замандарда армяндардың жері болғандықтан, бұл аумақта армян мәдениеті дамып өркендеген.  

Ал 390 жылы бұл жерді парсы патшалығы жаулап алып, Албанияға басыбайлы етті. Кейін парсылардың Сасанидтер әулетінің, одан кейін араб халифатының иелігінде болды. Бірақ тарихшылардың айтуынша, бұл аймақтың халқы армян тілінде сөйлеген. Мәселен, Х ғасырда араб тарихшысы әл-Истахридің "Берда мен Шамкур жерінің халқы – армян тайпалары" деп жазған.

ІХ ғасырдың басында армяндардың Хачен феодальды княздігі орнап, армян мәдениеті гүлденген дәуір болды. Ал XVII ғасырда Хачен елі құлап, бес армян княздігі құрылады. Одан кейінгі жылдары да аймақ армян мәліктерінің иелігінде болды.

ХVIII ғасырдың ортасында Осман империясының қысымы күшейіп, Таулы Қарабақ армян ұлттық азат ету қозғалысының орталығына айналды. Алайда түріктердің басып алуымен бұл аумақта 1747 жылы Қарабақ хандығы құрылады. Енді бұл аумақта түрік тектес халықтардың билігі күшейіп, армян мәліктері бағыныштыға айналды. Осыдан 18 ғасырдың ортасынан бастап армяндар бұл жерден жаппай қоныс аудара бастады.

18 ғасырдың аяғына таяу парсылардың иегіне өткен Таулы Қарабақ 1805 жылы орыс-парсы соғысынан кейін Патшалы Ресейдің құрамына еніп, 1813 жылы екі елдің арасында бейбіт келісім жасалып, аумақ уақытша орыстардың қолында өтеді. Кейін бұл аумақта Елизаветполь губерниясының уезі құрылды.

Осы жылдары Ресей патшалығы Иранның ішкі өңірлеріне көшіп кеткен армяндарды қайтарып, Таулы Қарабақта армяндардың билігін күшейте бастады. Тарихшылардың айтуынша, мұны орыс патшалығы Түркия мен осы маңдағы түрік тектес мұсылмандардың бірігіп билігінің күшейіп кетуіне төтеп беру үшін жасаған.

ХІХ ғасырдағы халық санағына қарағанда Таулы Қарабақтағы халықтың үштен екі бөлігін әзірбайжандар құраған. Қалғаны – армяндар.

Даудың басы

Таулы Қарабақ – Кавказ тауының етегіндегі аймақ, Арменияның шығыс жақ жотасында. 150 мыңға жуық халқы бар. Негізінде, армяндар қоныстанған. Бұрын әзербайжандар да болған. Алайда 1988-1994 жылдары Қарабақ үшін болған әзірбайжан-армян соғысында жеңіліп, Әзербайжанның ішкі өңірлеріне көшіп кеткен.

Қазір бұл аймақ армяндардың бақылауында. Нақтырақ айтсақ, Таулы Қарабақ не Арменияның да, не Әзербайжанның да құрамына енбейді, автономиялы округ (Таулы Қарабақ Республикасы) саналады. Таулы Қарабақтағы армяндардың мақсаты – округты тәуелсіз ел ретінде жариялап, Арменияның құрамына ену. Ал Әзербайжанның мақсаты – бұған мүмкіндік бермеу, 1990 жылдары уысынан шығарып алған аймақты қайта құрамына қосу. КСРО кезінде бұл аумақ әзербайжан елінің құрамында болатын.

Таулы Қарабақта әзербайжандардың көбеюі Арцахты тарихи отаны, ата-бабасының қасиетте мекені санайтын армяндарға ұнамады. Содан екі ірі халықтың арасында дау-дамай басталып, 1918-1920 жылғы армян-әзербайжан соғысына ұласты. Армян ұлтшылдары бастаған бұл соғыста әзербайжандар жеңіп шығып, аумақ түрік-әзербайжандардың иелігіне өтіп кетті. 1919 жылы 22 тамызда жасалған армян-әзербайжан келісіміне сәйкес, Қарабақ Әзірбайжанның иелігіндегі жер деп мойындалды.

Кейін екі ел де Кеңес одағының құрамына енгеннен кейін Коммунистік партияның Орталық комитеті Таулы Қарабақты Әзербайжанға беру туралы шешім қабылдады. Аймақта Таулы Қарабақ автономиялы мемлекет құрылып, Әзербайжан КСР-не қосылады.

КСРО кезінде армяндар мен әзербайжандардың арасында кикілжің бола қоймады. Бірақ тоқырау жылдары кеңес құрамындағы елдер тәуелсіздік ала бастағанда Таулы Қарабақ автономиясы Әзербайжаннан бөлініп, Арменияға қосылуға әрекет жасады. Ескі жараның аузы ашылып екі елдің арасындағы бұрынғы жанжал қайта жанданды.

Таяқтың екі ұшы

Қандай дау болмасын екі жақтың да айтар уәжі болады. Әдетте жанжалдың соңында бір тарап кінәлі болады. Ал дау бүтін мемлекеттер арасында болса, кінәлінің кім екені түгілі даудың басының қайдан басталғаны белгісіздеу боп қалады. Себебі жер мәселесіне келгенде қандай ел болмасын өз уәжін мүлтіксіз дайындап қоярына сене беріңіз.

Армяндардың уәжіне сенсек, Таулы Қарабақ – бұрынғы Арцах өлкесі – армян халқының қасиетті мекені, атажұрты. Алайда парсы, орыс және түріктердің араласуымен бұл аумақ әзірбайжандардың қолына өтіп кетті. Ал кеңес одағы кезінде аумаққа иелік еткен Әзербайжан КСР басшылары мақсатты демографиялық саясат жүргізіп, Таулы Қарабаққа әзербайжандарды қоныстандырды. Содан Қарабақта армяндардың үлес салмағы 80 пайызға дейін азайып кетті.

Ал Әзербайжандардың уәжі бойынша Таулы Қарабақ – түркі хандары мен әзербайжан халқының танымал тұлғалары шыққан атажұрт. Таулы Қарабақ әзербайжандардың тарихи және мәдени мекені. ХІХ-ХХ ғасырдағы әзербайжан қайраткерлерінің көбі осы жерден шыққан. Таулы Қарабақ – оғыз қағандары билік құрған жер әрі әзербайжандардың ұлт ретінде қалыптасуына негіз болған аймақ. Тіпті, әзербайжан тарихшыларының зерттеуінше, түркі халықтарына ортақ Қорқыт ата осы мекенде туып-өскен әрі Қорқыт ата кітабын да осы жерде жазған.

Әзербайжандардың ойынша, армяндар – бұл аумаққа Иран мен Түркиядан Патшалы Ресейдің қолдауымен қоныс аударған халық. Мұны Ресей Кавказ аймағында христиан халықтарының рөлін арттыру мен қуатты түркі халықтарының күшін кеміту үшін ұйымдастырған. Ереван мен Нахчеван хандығының орнынаа І Николайдың жарлығымен Армян облысы құрылып, 1828-1830 жылдары Ираннан 40 мың, Осман империясынан 84 мың армян көшіріліп әкелінді. Ал бұған дейін Ереван хандығының ұлттық құрамы 50 мың мұсылман мен 20 мың армян болған көрінеді.

1988 жылдан 1994 жылға дейін Армения мен Әзербайжанның арасында екі рет соғыс өрті тұтанды. Қанды қақтығысқа ұласып, соғысқа авиация мен танк тартылды. Кейбір деректерге қарағанда, 40 мыңға жуық адам мерт болған. Ал АҚШ-тың Мемлекеттік депаратаментінің есептеуінше, 25 мың адам көз жұмған. Америка тілшісі Томас Гольцтің зерттеуінше, 35 мыңға дейін адам қайтыс болған, көбі – әзербайжандар.

Осы жылдары Таулы Қарабақтағы әзербайжандар босып, Әзербайжанға қашты. Содан Әзербайжандағы армяндардан кек алу басталды. Бұған жауап ретінде Армения өз аумағындағы әзербайжандарға қысым күшейтті. Сол жылдары Әзербайжанда армян қалмады, бәрі көшіп кетті.

2020 жыл

Қарабақтағы соғыстың тамыздығы сіз білетіндей қыркүйекте емес 12 шілде күні басталған. Осы күні Әзербайжандар шекарадағы Армян елдімекендеріне шабуыл жасады. Кезекті конфликтінің басталуына армян шекарасына, яғни, бейтарап аймаққа адасып кіріп кеткен әзербайжан әскерилеріне армян шекарашыларының оқ жаудыруы себеп болған.

Биыл 27 қыркүйекте Таулы Қарабақ үшін қақтығыс қайта басталып, мыңдаған адам қайтыс болды. Олардың арасында бейбіт тұрғындар да бар. Екі тарап үш рет атысты тоқтату туралы келісімге келгенімен, бұл келісім сақталмады.Қарабақтағы  де-факто үкіметі үкіметі қыркүйектен бері 1221 әскери қайтыс болғанын мәлімдеді. Әзірбайжан соғыстан қанша сарбаз қаза тапқанын айтпай отыр.

Соғыстың соңы...

Армения премьер-министрі Никол Пашинян 10 қарашаға қараған түні Әзербайжан, Ресей, Арменияның Таулы Қарабақтағы соғысты тоқтату жөнінде үшжақты келісімге келгенін хабарлады.

Келісімге сәйкес, 2020 жылдың 20 қарашасына дейін Таулы Қарабақтың Газах және Агдам аудандары Әзербайжанға қайтарылады. 15 қарашаға дейін Армения - Кельбаджар ауданын, 1 желтоқсанға дейін Лачин ауданын беруі керек. Бірақ Таулы Қарабақпен байланысын үзбеу үшін Лачин дәлізін (ені 5 км) сақтап қалады. Алайда дәліз Шуша қаласын жанамайды.

Аймақтан Арменияның бүкіл әскерилері шығарылады. Таулы Қарабақ пен Лачин дәлізі түйіскен тұста Ресейдің 1960 бітімгер сарбазы орналасады. Бітімгерлік контингенттің ол аймақта қалу мерзімі 5 жыл және ахуал тұрақтамаса тағы бес жылға созылады.

Босқындардың Таулы Қарабаққа оралуын БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары бақылайды. Одан бөлек, Армения мен Әзербайжан тұтқындар мен қаза тапқан сарбаздардың мәйітін алмасады.

Бейбіт келісім хақындағы көптің күмәні

44 күнге созылған Қарабақтағы соғыс бітті. Дегенмен қақтығыс аяқталғанымен, Таулы Қарабақ мәселесі түпкілікті шешілген жоқ. «Армения Степанакерттен айырылып қалмау үшін мына келісімге келуге мәжбүр болды» деп жазады сарапшылар. Уақытша сөнген жанартау секілді тағы бір ұйқыға кеткен «Таулы Қарабақ» қақтығысының енді қашан оянары белгісіз...Екі өгіз арасында қалған шыбынның күйін кешкен жергілікті халықта «орнаған тыныштық ұзағынан болсын» ,деп марқұм болған туыстарының денелерін жер қойнына табыстап жатыр.