COVID-19: Үндістанда бір тәулікте 3600 адам қайтыс болды

Бейсенбі күні Үндістан билігі өткен тәулікте тіркелген өлім саны туралы жаңа деректерді жариялады. Бұл елде соңғы тәулікте COVID-19-дан 3600-ден астам науқас қайтыс болған. Бұл өткен тәуліктегі өлім санынан 350-ге көп, - деп хабарлайды Euronews.

Халықаралық қауымдастық өкілдері Үндістандағы ахуалға алаңдап, көмек көрсетуге жұмылуда.

Вакцинация науқаны қарқынды жүріп жатқанымен, халқы 1 миллиард 300 миллион адамнан асатын Үндістанда екпе салу шарасы індеттің таралу қарқынына ілесе алмай жатыр. 

Жексенбі күні Ұлыбританиядан алғашқы жүк ұшақтары ұшып кетті. Қазіргі таңда Үндістанға Еуроодақ елдері жеке-жеке және одақ ретінде де көмектесуде.

Ресей де  көмек ретінде Үндістанға 22 тонна жүк жіберді. Онда ӨЖЖ аппараттары мен оттегі баллондары бар.

ДДҰ Үндістандағы жағдайға байланысты қысқа мерзімде мобильді ауруханаларды орналастыру және оларды қажетті жабдықтармен жабдықтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға уәде берді.

ДДСҰ-ның соңғы мәліметтері бойынша, Үндістанда ауырғандар соңғы жеті күнде әлемде тіркелген инфекция жұқтырушылардың  үштен бір бөлігін құрайды.