Ресей АҚШ долларынан бас тартатынын хабарлады

Вашингтон Мәскеуге санкциялар салуды жалғастырып жатқан кезде Ресей ұлттық қорынан АҚШ долларын қысқартатынын хабарлады, деп жазады qamshy.kz.

Бұл қадам туралы Санкт-Петербургтегі Халықаралық экономикалық форумда Ресей Қаржы министрі Антон Силуанов мәлімдеді. "Орталық банк сияқты біз де ұлттық қордан доллар активтерімен инвестицияларды қысқартуға шешім қабылдадық" деді ол.

Оның орнына еуро, қытай юані және алтын активтерімен инвестиция салынады.

Өзгерістер келесі айдың ішінде болады деп хабарланды.

Қордағы еуро активтерінің үлесі 40%, юань 30% және алтын 20% құрайды деп күтілуде. Сонымен қатар, жапон иенасы мен британиялық фунт  5% құрауы мүмкін.

2020 жылғы АҚШ президенттік сайлауына араласу, АҚШ үкіметі мен корпоративті желілеріне жасалған үлкен кибершабуыл, Қырымды заңсыз аннексиялау және басып алу және адам құқығын бұзу фактілері бойынша Байден әкімшілігі Мәскеуге қарсы жаңа санкциялар енгізді. Дегенмен, Ресей үкіметі барлық айыптауларды жоққа шығарады.