Бүгін, 2021 жылғы 23 ақпанда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов пен ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қарағанды фармацевтика кешені (ҚФК) базасында «Гам-КОВИД-Гак» («Спутник – V») вакцинасының өндірісін және өңірлерге вакцина жеткізу барысын тексерді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, отандық фармацевтикалық кешенде вакцинаның өнеркәсіптік өндірісі қысқа мерзімде жолға қойылды. Бүгін Қазақстанның барлық өңіріне "Гам-КОВИД-Гак" вакцинасының 90 мың дозасы жөнелтіледі. 2021 жылғы наурызда 150 мың доза өндіру жоспарланып отыр, ал сәуір айынан бастап 600 мың дозаға жетеді. Осылайша, халықты жоспарлы түрде COVID-19-ға қарсы вакцинамен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етеміз»,-деді вице-премьер Е.Тоғжанов.
«СҚ-Фармация» ЖШС мен Ресей тікелей инвестициялар қоры (РФТИҚ) арасында жасалған өзара түсіністік туралы келісім аясында 2 млн астам доза жеткізу, препарат сынақтың барлық сатысынан өткеннен кейін 5 млн дозаға дейін арттыру жоспарлануда.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы 11 қарашада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен РФ Президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлескенде пандемиямен күресте ынтымақтастықты жандандыруды, соның ішінде ҚР аумағында бірлесіп вакцина өндірісін ұйымдастыру жөніндегі жоспарларды талқылады.
«ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жұмыс тобын құрды, оның құрамына ҚР ДСМ, РФТИҚ бейінді ведомстволарының басшылары және ҚФК мамандары кірді. Мәселелер күнделікті режимде талқыланды. Қысқа мерзімде технология трансфері, өндірісті дайындап, қызметкерлерді оқыттық. Бүгін Қазақстанда «Спутник V» вакцинасының өндірісін іске қосамыз», - деп атап өтті А.Цой.
«Бізге қысқа мерзімде ресейлік «Спутник V» вакцинасының өндірісін бастау міндеті қойылды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 4 желтоқсанда технология иесі - РФ-ның «Ресей тікелей инвестициялар қоры» мемлекеттік компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды және 13 желтоқсанда бізге дайын өнімнің валидациялық серияларын өңдеуге арналған субстанция берді», - деді ҚФК бас директоры Сергей Барон.
2020 жылғы 4 желтоқсанда РФТИҚ ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен ынтымақтастық туралы келісім жасасты және 2020 жылғы 13 желтоқсанда «Қарағанды фармацевтика кешені» ЖШС препараттың тәжірибелік сериясын өндіру үшін 6 мың доза көлемінде субстанция алды.
2020 жылдың 24 желтоқсанынан 2021 жылдың 21 қаңтарына дейін вакцина Н.Ф. Гамалея атындағы орталықта бірнеше рет сапа бойынша сынақтан өтіп, 2021 жылдың 15 ақпанында ол ҚР-да тіркелді.