Сәуірдің 21-де Қарағанды облыстық мәслихатында Депутаттық өкілеттік, этика, заңдылық және құқық тәртібі мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды saryarqanews.
Депутат Жанна Штергердің төрағалығымен өткен басқосуда табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мәселесі қаралды.
Отырыс жұмысына жергілікті атқарушы органдардың басшылары, аумақтық департаменттердің, Қарағанды облысы ТЖ департаментінің, «ҚазАвтоЖол» АҚ Қарағанды облыстық филиалының өкілдері, қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Отырыс барысында депутаттар – Бейбіт Досжанов, Ермек Әбілдин, Жанна Штергер, Қамбар Ахметов, Зарина Марданова, Қайрат Біржанов, Мира Махатчина, Марина Шиллер, Саят Оспанов автономды жылыту жүйелерін орнату жұмысын жандандыру, Ақтоғай, Шет және Ұлытау аудандарында өрт сөндіру бекеттерін ашу («AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасы индикаторларының бір бөлігі), су тасқынының, табиғи сипаттағы ТЖ алдын алу, гидротехникалық құрылыстарды түгендеу, Бұқар жырау, Қарқаралы аудандарындағы көпірлерді қайта жаңарту, жолдарды жөндеу т.б мәселелерді көтерді.
Облыстық төтенше жағдайлар депатраменті басшысының баяндамасына орай мен көктемгі су тасқынында туындаған проблемаға қатысты облыстық мәслихат депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Қамбар Ахметов депатрамент пен қала әкімдігіне сұрақ қойды.
«Биыл қар қалың түспесе де, Қарағанды қаласының бірқатар бөліктерін су басып, тұрғындарға қолайсыз жағдай туғызғаны белгілі.
Атап айтқанда, мұндай жағдай Тәттімбет пен Мұқанов көшелерінің қиылысындағы Гүлдер ықшам ауданында, Университет көшесінде, Майқұдықтың кейбір жерлері мен Жұмысшылар поселкесінде болды.
Негізінен қаланың осы бөліктерінде су басу оқиғасы жыл сайын қайталанып келеді. Мысалы, Тәттімбет пен Мұқанов көшесіне жыл сайын көктемде ондаған КАМАЗ топырақ төгіледі. Су тасқыны біткен соң топырақты қайта тазалайды. Осыған қаншы қаржы жұмсалып отыр?
Бұл жағдай жыл сайын қайталанады. Биыл да қаншама КАМАЗ топырақ төгілді. Соған қарамастан тасыған су бөгетті бұзып, Республика көшесіне дейін жетті. Бірнеше үйдің жертөлесін су басты, электр жарығы өшті, тұрғындарға ыңғайсыз жағдай туғызды.
Осы проблеманың алдын алу үшін қандай да бір шара (бөгет салу, арық қазу т.б.) қабылдауға болмай ма? Осы мәселені шешуге қатысты әкімдіктің жоспары қандай?», деп сұраған депутатқа қала әкімдігінің өкілі жазбаша жауап беруге уәде етті. Бұл сұрақ отырыстан соң Қарағанды қаласы әкімдігіне жазбаша жолданды.
Сонымен қатар, Қ.Ахметов төтенше жағдайлар департаментіне аудандар аумағында ашылатын өрт сөндіру бекеттерінің сапасына айрықша назар аударуды ұсынды.
«Жергілікті өңірлерде ашылып жатқан өрт сөндіру бекеттеріне қатысты әлеуметтік желіде түрлі сын айтылып жатыр. Ол сын негізсіз емес. Бекетттердің саны емес, сапасына, техникалық тұрғыдан жарақталуына назар аудару қажет», деді депутат.
Еске сала кетейік, өрт сөндіру бекеттерін ашу AMANAT партиясы облыстық филиалының сайлауалды бағдарламасында қамтылған болатын. Сондықтан да Жол картасына енген бұл мәселе AMANAT партиясы депуататтарының ұдайы назарында.
Отырыс қорытындысы бойынша қала және аудан әкімдеріне өрт сөндіру бекеттерін ашуды қолға алу, жұмыс істеп тұрған бекеттердің материалдық-техникалық базасын нығайту, су тасқыны кезеңінде күн сайын облыстық, аудандық коммуналдық меншіктегі шағын гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне бақылау жасау, барлық автокөлік жолдарындағы су өткізу құрылыстарын бақылауға алу ұсынылды.
Әсем СЕРКЕБАЕВА