Тамақтануға арналған жазғы алаңдардың жұмыс кестесі өзгерді

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ведомство өкілдері далада жұмыс істейтін нысандардың уақытына шектеуді жеңілдетуге келіскенін айтты.

"Министрлік әлеуметтік-экономикалық нысандардың жұмысын шектеу өлшемшарттарын қайта қарады, оның ішінде уақыт бойынша бірқатар шектеуді алып тастау, далада қызмет ететін тамақтану нысандары үшін жеңілдіктер, спорттық іс-шаралар өткізу, балаларды сауықтыру ұйымдарының қызметі бар. Өлшемшартқа жаңа нысандар енгізілді: жазғы алаңдар, асханалар, стрит-фуд және басқа да қоғамдық тамақтану нысандары. Олардың қызмет ету тәртібі анықталды", - деді Цой Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, "қызыл" аймақтағы тамақтануға арналған жазғы алаңдар 9.00-ден 20.00-ге дейін, "сары" аймақтағылар 07.00-ден түн ортасына дейін, "жасыл" аймақта 07.00-ден түнгі 02.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілді. Бұл ретте мұндай барлық нысанда адам саны 50 пайыздан аспауы тиіс. Көше тағамдары мен ашық аттракциондардың қызметіне шектеу жоқ.