Перзентханаға босануға барған әйел сәбиімен бірге көз жұмды 

Әйел қайтыс болардан үш күн бұрын Өскемендегі ана мен бала орталығына жатқызылған. Туыстары келіншек босана алмай көз жұмды дегенге сенбейді.

Өскеменде ана мен бала орталығында шақалағымен бірге көз жұмған 37 жастағы Айжан Мержақыпованың туыстары шу шығарды. Қара жамылған отбасы әйелдің аяқ аясты өліп қалғанының себебін білмей дал.
Олардың айтуынша, дәрігерлер келіншектің неден қайтыс болғанын айтудан бас тартып, мәйітке жасалған сараптама қорытындысын да бермей қойған, деп хабарлайды КТК.

Айжан Мержақыпова қайтыс болардан үш күн бұрын ғана Өскемендегі ана мен бала орталығына жатқызылған. Алайда келіншек босана алмай көз жұмды дегенге туыстары сенбейді. "Жүктілігі де қалыпты өтті", дейді күйеуі. Айы-күні жеткен келіншек осыған дейін екі перзентін де өзі босаныпты.

"Қабір басында жерлеп болған соң, ант бердім. Мен одан қайтпаймын. Қалған өмірім сотпен өтсе де, жазамын. Тоқетерін білмей тыным таппаймын. Мен де, келіншегімнің аруағы да тыным таппайды. Мен сөйтіп ойлаймын", - дейді марқұмның жұбайы Қанат Мержақыпов.

Айжан жүктіліктің 41-ші аптасында болған. Ол босанар кезде "жанымда бол" деп сіңілісін шақыртыпты. Ол әпкесінің толғақ қысқанда қатты қиналғанын айтады. Тіпті кесір тілігімен босандырсыншы деп дәрігерлерге өтінген.
"Соңғы айтқаны: "мені құтқар, шамаң жетсе, отаға жібергізші, бірдеңе істеңдерші, менің шамам кетіп қалды" деп өзі айтты", - деді марқұмның сіңлісі Әсем Иманқұлова.

Егер дәрігерлер дер кезінде кесір тілігімен босандырғанда аман қалар еді, дейді жақындары. Олардың сөзінше, қиналған мезетте келіншектің қан қысымы жоғарылап кеткен. Ақыры ана мен бала ота жасап жатқанда көз жұмды.