Мазардың орнына QR орнатылады - имам

Қазір мазар тұрғызу үшін  үйдің құрылысына жететін қаржы жұмсау сәнге айналған. Ысырапшыл бұл үрдіс еш қисынға келмейді, шариғатқа да қайшы. Тіпті бейіт салу бизнеске айналған. Содан болар Қазақстанның мұсылмандары діни басқармасы жерлеу рәсімдерін және зират көтеру мәдениетін бір жүйеге келтіруге білек сыбана кірісті. Ол үшін Мүфтияттың жанынан "Qamqor-Sharapat" орталығы ашылды. Енді марқұмға мазар тұрғызылмайды. Басына құлпытас қойылып, сырты да қоршалмайды. Бұл туралы ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Бекқожа «Ortalyq Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында мәлімдеді.

 ««Qamqor-Sharapat» – жерлеу рәсімдерінде ысырапшылдық пен бәсекелестікке жол бермей, ортақ мәдениет қалыптастыру мақсатында қолға алынған жоба. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен көтерілген мәселе. Бүгінде жерлеу рәсімдері шариғат нормаларына және ата-баба дәстүріне сай болуымен бірге, өркениет көшінен де артта қалмауы керек. Имамдардың соңғы форумында «Зират және зиярат мәдениеті» атты құжат қабылданған. Оны еліміздегі имамның барлығы дерлік мақұлдады. Бұдан бөлек, «Ас беру мәдениеті» атты құжат та қабылданған»,- дейді Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа.

Сондай-ақ облыстың бас имамы құлпытастағы сурет пен жазудың заман талабына сай жаңаратынын атап өтті.

«Енді зираттың басы көтерілмейді, яғни, мазар салынбайды. Құлпытас қана қойылады. Тасқа марқұмның аты-жөні жазылады. Әрбір құлпытастың шетінде QR-код болады. Сол арқылы марқұм туралы барлық мағлұматты білуге болады. Ол мәліметтердің бәрі орталықтың ақпарат базасында сақталады. Шариғат бойынша адамның суретін тасқа салуға болмайды. Сондықтан, марқұмның фотосы, атқарған қызметі, бала-шағасы және тағы басқа ақпарат порталға жүктеледі. Осылайша, зират басында біркелкі көрініс қалыптасады.» ,- деді Өмірзақ қажы.

Мүфтияттың жаңа талабы бойынша, енді жерленетін жерлерде ретсіз берілмейді екен. Бір ізділік сақталу үшін алдын-ала жер алуғада болмайды.

«Бір адамды жерлеп, екіншісіне орын алып қалса, біркелкілік бұзылады. Бірақ QR-кодпен екінші адамды оңай табуға болады. Ол шежіре сияқты жасалады. Мысалы, бір жерде әкесі жерленеді, ал, атасы басқа секторға жерленуі мүмкін. QR-кодта бір тармақпен көрсетіледі, жатқан жері де белгіленеді. Осылайша, арнайы секторда бір адамның басына барып, құран оқығаннан кейін екіншісін қайда жерленгенін оңай табуға болады.» ,- дейді Өмірзақ қажы Бекқожа.

Хан сарайындай соғылған мазарлар нағыз ысырапшылдықтың көрнісі деді дін өкілі.

«Мазарға кеткен ақшаны қайырымдылыққа жұмсаса, ол марқұм үшін үлкен сауап. Және үнемі дұғада болса, сол кісінің атынан жақсылық жасап, сада қа бер се нағыз пайда сол болады. Соны түсіндіруіміз керек. Зират бастарын аралап көрсеңіз, мәрмәрдан, гранит пен алмас тастан тұрғызылған небір кесенелерді кездестіресіз. Олардың бәленбай миллионға салынған ал, елімізде баспанасыз жүргендер қаншама ?»,-деп толықтырды имам.

Айта кетейік, имамдардың соңғы форумында жерлеу рәсімдеріне қатысты «Зират және зиярат мәдениеті» атты құжат қабылданған болатын. Ал марқұмның өмірбаяны мен суретін QR-код арқылы жазу әлем бойынша алғаш Қазақстанда қолға алынып отыр .