Қарағанды қаласындағы «Горняк» базарында 33 жастағы ер адам көз жұмды. Үш күн бұрын тәртіп сақшылары осы жерден әйелдің мәйітін тапқан болатын.
Қазіргі уақытта осы екі жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр, сот-медициналық сараптама жүргізілуде.
Әлеуметтік желілердегі мәліметке сәйкес, 9 маусым күні «Горняк» аялдамасында орналасқан дүкенге кіреберісте ер адам жазатайым оқиға салдарынан қаза тапты. Марқұм қаладағы фирмалардың бірінде экспедитор болып қызмет атқарған. Ол әлеуметтік павильонға тауар алып келген. Куәгерлердің айтуынша, дүкеннен шығаберісте баспалдақ сүйенішіне қолы тиген ер адамды тоқ соққан.
Оқиғаға қатысты облыстық Полиция департаменті түсінік берді.
«9 маусымда «Горняк» аялдамасында жазатайым оқиға салдарынан 33 жастағы азаматтың қайтыс болуы фактісі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 306 бабы «Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, жібірленушінің өлімі тоқ соғу салдарынан болғаны анықталды», - деді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметінен.
Полиция ақпаратына сүйенсек, дәл осы жерде үш күн бұрын 36 жастағы әйел мерт болды. Оның өліміне денсаулық жағдайы себеп болғаны хабарлануда.
«Бұрын хабарлағанымыздай, 6 маусым күні сол ауданнан 36 жастағы азаматшаның мәйіті табылды. Сот-сараптама қорытындысы ол азаматшаның өлімі жүрек ауруынан екенін анықтады. Сондықтанда азаматшаның өлімі де тоқ соғу салдарынан болды деген қауесет жоққа шығарылады», - деді полициядан.