Қостанайда үй өртеніп, 7 жастағы қыз қаза тапты

Қостанайда жеке тұрғын үйде болған өрттен 7 жасар қыз қаза тапты, - деп хабарлайды saryarqanes.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Қостанайда жеке секторда өрт шығып, 6 пәтерлі үйдің қабырғалары мен төбесі өртенді. Өрт сөндіру қызметі сағат 17:20-да шақырылды. Құтқарушылар төрт адамды өрттен алып шықты.

"Жалпы, 50 шаршы метр аумақ өртенген. 4 тұрғын эвакуацияланды. Жедел жәрдем дәрігерлері шұғыл көмек көрсетті. Қалалық ауруханаға 1977 жылы туған пәтер иесі жеткізілді. Денесінің 80-88 пайызын ІІІ дәрежелі күйік шалған. Халі мүшкіл, жансақтау бөлімінде жатыр. Оның 46 жастағы күйеуінің беті мен қолы күйген. Осы отбасының жеті жастағы қызы жедел жәрдем көлігінде ауруханаға жетпей көз жұмды", – деп хабарлады Қостанай облысы ТЖ Департаментінің баспасөз қызметі.

Құтқару операциясы кезінде қонаққа келген 8 жастағы бала да құтқарылды.

Өрттің шығу себебі әлі анықталған жоқ, оқиға орнында өртке қарсы ғылыми-зерттеу зертханасының мамандары жұмыс істеп жатыр. Өрт 18 сағат 23 минутта ауыздықталды. Өртті сөндіруге жеке құрамның 26 адамы мен 7 техникасы жұмылдырылды.