Қарағандыда француз тілі мен мәдениеті орталығы ашылды

Қарағандыда бұған дейін астаналық филиалдың бір бөлігі ретінде жұмыс істеген Француз альянсы ресми түрде ашылды. Салтанатты рәсімге Францияның Қазақстандағы елшісі Дидье Канесс қатысты.

                                      

– Бұл орталық Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларындағы альянстардан кейінгі Қазақстандағы төртінші орталық болды. Осылайша ол 131 елде 832 француз альянсы бар үлкен отбасына қосылды. Бұл француз тілін оқытатын және франкофон елдерінің мәдениетін тарататын, лингвистикалық әртүрлілік пен мәдениетаралық диалогты нығайтуға ықпал ететін мәдени-білім беру орталықтары, – деп атап өтті Дидье Канесс.

Орталықта қарағандылықтардың француз тілін жеке және топтарда үйренуге мүмкіндігі бар. Оқу аяқталғаннан кейін емтихан тапсырып, DELF және DALF бағдарламалары бойынша дипломдар алуға болады. Альянс қатысушыларына франкофондық медиатека және Францияда жоғары білім алу мүмкіндіктері туралы ақпарат қолжетімді болады.

                              

Орталық сонымен қатар француз мәдениетінің атмосферасына енуге мүмкіндік беретін іс-шаралар, кино көрсетілімдері, концерттер мен әдеби кездесулер өткізеді.
Ол Гоголь көшесі, 38-үй мекенжайында Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ғимаратында орналасқан.