Қарағанды облысында полицейлер жауап алған ер адам асылып өлді

Қарағанды облысында полицейлер жауап алғаннан кейін ер адам асылып өлген. 36 жаста болған марқұмның туыстары оның өліміне полиция қызметкерлерінің кінәлі екеніне сенімді. Олар жан-жақты тергеу жүргізіп, кінәлілерді жазалауды сұрайды. Туыстарының айтуынша, өлгеннен кейінгі сараптама кезінде ер адамның денесінде көгерген және жырылған жерлері байқалған, деп хабарлайды saryarqanews.kz сайты stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Қайтыс болған ер адам мал ұрлады деген күдікке ілінген. Полициядан жауап алып, үйіне оралғаннан кейін ол әйеліне ары қарай өмір сүргісі келмейтінін айтқан.

Қарағанды облысының полиция департаменті Асылбек Ахметовтің мал ұрлығы бойынша күдікті болғанын растады.

"17 қарашада "Мал ұрлығы" жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізу барысында полиция қызметкерлері Нұра ауданында орналасқан шаруа қожалығына тиесілі 4 бас ірі қара малын ұрлау фактісін анықтады. Ұрлық фактісін шаруа қожалығының басшысы 2019 жылы орын алғанын көрсетіп, тиісті арыз бергені арқылы растады. 18 қарашада сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды", - деді полицияда.

Жауып алынғаннан кейін Асылбек Ахметов үйіне босатылған.

Ведомство сонымен бірге сот-медициналық сараптама Ахметовке күш қолдану туралы күдіктерді жоққа шығарғанын алға тартты.

Қазіргі уақытта қылмыстық істі Ішкі қауіпсіздік басқармасы тексеріп жатыр.